АЛМАТЫ. 28 тамыз. Алматы метрополитетіндегі «Қалқаман» станциясының осы жылдың соңында іске қосылатыны белгілі болды. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Алматыда метро желісін дамытуға қатысты нақты жұмыстардыың аяқталар мерзімдері анықталды. Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы Tengrinews.kz редакциясының сауалына жауап бере келіп, «Қалқаман» станциясының жолаушыларды қашан қабылдай бастайтынын, метроның «Барлыққа» қашан жететінін және әуежайға дейінгі желінің қашан іске қосылатынын айтты.
Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, «Қалқаман» станциясының жерасты бөлігіндегі негізгі жұмыстар аяқталған. Қазір онымен іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа станция жолаушыларды 2026 жылдың соңына қарай қабылдауға кіріседі. Оны іске қосу алдында мамандар іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізуі тиіс.
«Қалқаман» станциясының жер асты бөлігіндегі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, іргелес аумақты абаттандыру жалғасып жатыр. Іске қосу-баптау жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру биылғы жылдың соңына дейін жоспарланған», деп хабарлады басқарма.
«Қалқаман» станциясы құрылысына 67,8 миллиард теңге бөлінген.
Станция ашылғаннан кейін Алматы метросының бірінші желісінде 12-станция болады. Қазір «Райымбек батыр» станциясынан «Бауыржан Момышұлы» станциясына дейінгі учаскеде 11 станция жұмыс істейді. Оның ұзындығы – 14,3 шақырым. Жаңа станция желіні тағы 2 шақырымға ұзартады.
Метроның бірінші желісін одан әрі батыс бағытта – «Қалқаманнан» «Барлық» көлік-логистикалық торабына дейін ұзарту жоспарланған. Ұзындығы 5,3 шақырым болатын учаскеде тағы үш станция салу көзделген. Қазір дайындық жұмыстары басталып кеткен.
«Жоба жобалық-сметалық құжаттаманы – жұмыс құжаттамасын әзірлеу кезеңінде тұр. Жобаны іске асыру аясында станциялар құрылысының аумағына кіретін инженерлік желілерді көшіру бойынша дайындық жұмыстары, сондай-ақ қазаншұңқыр қазу жұмыстары басталды» деп жазылған басқарма жауабында.
Басқарма станциялардың құрылысы нақты қашан аяқталатынын хабарлаған жоқ.
Алайда Алматы метрополитенінің ресми парақшасындағы бейнематериалда «Барлыққа» дейінгі учаскені 2029 жылы іске қосу жоспарланып отырғаны айтылған.
Келешекте метроның екінші желісі «Жібек жолы» станциясын Алматы халықаралық әуежайымен байланыстыруы тиіс. Жаңа желінің ұзындығы 14 шақырым, оның бойында 8 станция орналасады.
Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген. Ол 2026 жылғы 14 шілдеде мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.
«Келесі кезең – жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту. Метроның екінші желісінің құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр», – деп хабарлады басқарма.
Алматы метрополитенінің ресми парақшасында бұл желіні 2032 жылы іске қосу жоспарланғаны айтылған.
Мамандардың мәліметінше, болашақ желінің жолында орналасқан инженерлік коммуникациялар мен өзендер құрылыс жұмыстарын қиындатады. Метро 18-ден 25 метрге дейінгі тереңдікте салынады.
Алматыда сондай-ақ үшінші метро желісінің жобасы да әзірленіп жатыр. Ол жаңа Алатау қаласы мен Gate City ауданын қолданыстағы бірінші желідегі «Сайран» станциясымен байланыстырады.
Айта кетейік, бұл көрсеткіштер Алматының бас жоспары таныстырылған кезде айтылған мәліметтерден өзгеше. Ол кезде желінің ұзындығы 28 шақырым, ал станциялар саны 17 болады деп көрсетілген.
«Метрополитеннің үшінші желісін салу жобасы техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өтуге дайындық кезеңінде тұр», – деп хабарлады басқарма.
Жобаны жүзеге асырудың нақты мерзімі әзірге белгісіз.
USD

