ЫСТАНБҰЛ. 30 қазан. Түркияда танымал қазақ жазушысы, журналист Қайсар Әлімнің түрік тілінде жарық көрген «Міржақып Дулатұлы» атты кітабының тұсаукесері болды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Аталмыш фолиант Ыстанбұлдың «Kamus» баспасынан басылып шыққан. Оны түрік тіліне Ашур Өздемир аударды.
Кітаптың тұсаукесері Ыстанбұл қаласында бірнеше жерде өтті. Атап айтқанда, тың туындының таныстырылымы осындағы Абай атындағы мектепте, университетте, Қазақ қоры қоғамында, орталық кітапханада, республикалық музейде орын алды.
Тұсаукесер рәсімдеріне жазушы Қайсар Әлімнің өзі арнайы шақырумен келіп, оқиғаның бел ортасында жүрді.
Абай мектебінде өткен іс-шараға Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулы Нұриддин Аманқұл қатысып, Алаш ардақтысының түркі дүниесіне орай айтылған мазмұнды ойларына жан-жақты тоқталды. Ол сондай-ақ жазушының Абай туралы еңбектері бойынша жазылған тағылымдарынан үзінді оқып берді. Осылайша Міржақып Дулатұлының толымды тұлғасы түрік халқына да кеңінен таныстырылды.
Кездесулерде жазушы Қайсар Әлім оқушылар қойған сұрақтарға жауап беріп, өзара етене байланыс орнатты. Шәкірттер сонымен бірге Абай мен Міржақып шығармашылығына қатты қызығушылық білдірді.
Тағы бір айта кететін жайт, Алаш ардагері жайлы кітаптың түрік тілінде жарық көруіне Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев демеушілік көрсеткен.

USD




