Бүгін қасиетті жұма күні Алматыдан меценат, жақсылықтың жаршысы болып жүретін, баспагер, ғалым, нар тұлғалы азамат Рахымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед інім хабарласып, қуанышты хабар жеткізді.
«Атамұра» корпорациясында менің «Адамзаттың Абайы» атты ғылыми-танымдық эсселер кітабым жарық көріпті. Ұлы ақын, Хакім Абайдың туғанына 180 жыл толуына арнап жазылған кітапты тегін шығарып қана қоймай, қомақты қаламақы берген ініме Алланың нұры жаусын деймін.

Кітап редакторы Нәзира қарындасыма, бас редакторына, техникалық редакторына, суретшісіне, барлық қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Бір жыл бұрын Рахымғали інім азаматтық танытып, Жамбыл туралы роман-эссемді өз бастамасымен шығарып беріп еді. Мұндай шарапаты мол інімізге алғысым шексіз.
Атырауды топан су басқанда өз қаржысынан миллиондап қаржылай көмек бергенін ешкім ұмыта қоймаған шығар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме халық даналығы. Атымтай жомарт атанған Мұхтар, Рахымғали Құл-Мұхаммед әулетінің тамыры тереңдей берсін. Әумин!
Осындайда еске түседі. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметінен қуылып кеткен күндер еді. Мәжіліс депутаттығына кандидат болып түстім. Сол кезде өзім қол ұшын беріп, атақ-дәреже алған біраз азаматтар теріс қарап, көмектеспеді. Теріс айналды. Сол кездегі министр інімнен жасқанған болар. Ал Мұхтар Құл-Мұхаммед інім хабарласып, бүкіл үгіт-насихат материалдарымды, қалта календарьды көп тиражбен, өте жоғары сапамен шығарып беріп еді. Туысым, жерлесім емес, Жетісудың қазағымын ғой. Міне, бұл әулет осындай дархан жандар.
Хакім Абайдың рухы халқымен бірге мәңгі жасайды. Осы кітап менің ғана емес, «Атамұра» корпорациясының ұлы ақынның торқалы тойына құрметпен жасаған сыйы.
Қазақтың кең пейіл үлгісі болып табылатын жандар өмірде көп болса екен деп тілеймін!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, академик
USD




