Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Қарағандының «Шахтёрі» жаттықтырушы алмастырып, жеңіске жетті

АҚТӨБЕ. 19 сәуір. Қарағандының «Шахтёр» футбол командасы бас жаттықтырушысын ауыстырып, бүгін Ақтөбеде жергілікті команданы талқандап шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Сәуірдің 16-сы күні кеншілер клубының бас жаттықтырушысы болып ұлты шешен ресейлік маман Магомед Адиев тағайындалды. Ол бұған дейін команда тізгінін ұстап келген қазақстандық маман Али Ханалиевич Алиевті алмастырды.

Магомед Мусаевич Адиев 1977 жылы 30 маусымда Грозный қаласында туған. Футболшы ретінде Ресейдің «Анжи» (Махачқала), ЦСКА (Мәскеу), «Сокол» (Саратов), «Терек» (Грозный), Украинаның «Кривбасс» (Кривой Рог) командалары сапында шабуылшы позициясында өнер көрсеткен. Ал 2003 жылы Астананың «Жеңіс» (бұрынғы – «Динамо» Целиноград, кейінгі – «Астана-1964») жасағы құрамында 11 рет алаңға шығып, 5 голдың авторы атанған. Ресейдің олимпиялық құрамасы сапында 4 ойынға қатысып, 2 гол соққан. Ол коуч, яғни жаттықтырушы ретінде «Нижний Новгород», «Ахмат» (Грозный), «Анжи» (Махачкала) және «Чайка» (Песчанокопское) секілді командаларды басқарған.
Футболшы Магомед Адиев 2004 жылы «Терекпен» бірге Ресей Кубогын жеңіп алды.

Бүгін Магомед Адиев Қарағандының «Шахтёрін» бірінші рет бас жаттықтырушы рөлінде Ақтөбеде жергілікті командамен ойынға бастап шықты. Матч қонақтардың айқын басымдығымен аяқталды. Қарағандылықтар алаң иелерінің қақпасына жауапсыз 3 гол салды. Оларды команда капитаны Арсен Хубулов (5, 33) пен Айдос Тәттібаев (74) түсірді.

Осылайша Адиевтің дебюті өте сәттті басталды.

Осының алдында Шымкенттің «Ордабасысы» Талдықорғанда «Жетісу» командасымен кездесіп, оны 4:0 есебімен ойсырата ұтты. Меймандар сапынан Александр Симчевич (28), Елхан Астанов (58), Жоао Паоло (61), Мирзад Механович (90+4, пенальти) мергендіктерімен көзге түсті.

Бұл күні соңынан мына командалар кездесті:

«Қайрат» (Алматы) – «Тобыл» (Қостанай) 2:2. Голдар: Хосе Канте (20, 68) – Азат Нұрғалиев (3), Неманья Николич (70),

«Тұран» (Түркістан) – «Каспий» (Ақтау) 2:2. Голдар: Стэнли (60, 67) – Арман Нүсіп (31), Давид Караев (84).

Кеше, 18 сәуір күні ойналған 3 матч мынадай нәтижелер әкелген еді:

«Тараз» (Тараз) – «Ақжайық» (Орал) 1:0. Гол: Педру Эужениу (49),

«Астана» (Астана) – «Қызыл Жар» СК (Петропавл) 3:1. Голдар: Абзал Бейсебеков (4), Марин Томасов (65), Макс Эбонг (67) – Әлібек Қасымов (40),

«Қайсар» (Қызылорда) – «Атырау» (Атырау) 1:1. Голдар: Каролис Лаукжямис (4) – Дмитрий Гузь (84).

Осымен 6-турдың ойындары аяқталды.

 

Турнир кестесі (19 сәуірдегі жағдай)

Ор  Командалар О Ұ Т Ж Доптар Ұп
1  «Астана» 6 4 2 0 18-7 14
2  «Тараз» 6 4 2 0 11-4 14
3  «Қайрат» 6 3 3 0 15-6 12
4  «Тобыл» 6 3 3 0 9-4 12
5  «Ордабасы» 5 3 1 1 13-9 10
6  «Қызыл-Жар» 5 2 1 2 5-5 7
7  «Ақтөбе» 6 2 3 1 11-11 6
8  «Ақжайық» 6 2 0 4 4-7 6
9  «Каспий» 6 1 3 2 7-8 6
10 « Қайсар» 6 1 2 3 6-10 5
11  «Шахтёр» 6 2 0 4 5-10 3
12  «Тұран» 6 0 3 3 6-14 3
13  «Атырау» 6 0 2 4 6-14 2
14  «Жетісу» 6 1 1 4 5-12 1
Ескерту. «Ақтөбе», «Жетісу» және «Шахтёр» командаларынан сертификат жөніндегі комиссияның шешімімен 3 ұпайдан алынып қалды.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button