Эстония министрі Байденнің кесірінен отставкаға кетті
ТАЛЛИН. 11 қараша. Эстонияның ішкі істер министрі Март Хельме АҚШ президенттігіне кандидат Джо Байденді сынаймын деп, қызметімен қоштасуға мәжбүр болды. Бұл туралы DW хабарлады.
«Эстония ішкі істер министрі Март Хельме кезекті дүрліккен жанжалынан кейін өзінің отставкаға кететінін жариялады. Үкіметтің тарау-тарамасы осыған байланысты болып қалды», – делінген хабарламада.
«Мен қарашаның 8 күні-ақ отставкаға кетуге шешім қабылдап қойғанмын. Сіздер менің аузымды жаба алмайсыздар», – деді Март Хельме журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында. Ол парламенттегі жұмысын жалғастыра беретінін және өзін үндемей қоюға ешкім – президент те, премьер-министр де мәжбүр ете алмайтынын айтты.
Хельменің қызметтен кетуіне эстонның TRe Raadio радиосындағы бір хабар тікелей әсер етті. Хабарға ол қаржы министрі болып істейтін ұлы Мартин Хельмемен бірге қатысты. Сонда бұған дейін НАТО-ны талай сынап келген ішкі істер министрі АҚШ-тағы сайлауда дауыс берудің нәтижелерін фальсификациямен жасалған деп мәлімдеп, оны Беларусьпен параллель етіп көрсетті. Ол сондай-ақ «тереңдегі мемлекеттің» (саясатын ықпалды адамдар тобы басқаратын мемлекетке қатысты заговор теориясының жақтастары ойлап тапқан термин – ред) «өзінің коррумпияланған оңбағандарын барлық жерге орналастырғысы» келетінін мәлімдеді. «Джо Байден мен оның ұлы Хантер Байден – сондай коррумпияланған типтер», деген ол әкелі-балалы екі жемқордың Украинаны қалай тақырға отырғызғанын атап өтті.
Мынадай мәлімдемеден кейін Эстония басшылығы түгел табандарынан тік тұрып, қатты шошып кетті. Елдің премьері Юри Ратас 9 қараша күні Март Хельмеге отставкаға кетуге кеңес берді. Ал президент әйел Керсти Кальюлайд осыдан кейін оны ішкі істер министрі қызметінен босатты. «Март Хельменің отставкасы үкіметтің бұдан әрі жұмысын жалғастыруы үшін қазіргі жағдайдан шығудың бірден бір жолы болып тұр», – деді Ратас.
DW осыдан кейін эстон саясаттанушыларынан болған оқиғаға баға беруді сұрады. Олардың барлығы дерлік экс-министрдің әрекетін сынады. Тек Эстонияның орыс тілді жұрты ғана Хельмеге қолдау білдіріп жатыр.