«Бұрын баспасөз бір адамның қабағын бағып жұмыс істейтін»
ТАШКЕНТ. 29 қыркүйек. Бұрын Өзбекстанда барлық бұқаралық ақпарат құралдары бір адамның көңіл күй ауанына қарап жұмыс істейтін еді. Бұл турады CentralASiz.uz хабарлады.
Аталып отырған «бір адамның» мемлекеттің бұрынғы басшысы Ислам Каримов екені айтпаса да белгілі шығар. Мұны масс-медианы қолдау мен ұлттық даму қоғамдық қоры қамқорлық кеңесінің райысы Комил Алламжонов 28 қыркүйекте өткен халықаралық онлайн-мәслихат барысында жеткізді.
«Өзбек баспасөзі 2016 жылға дейін комада болып келді. Ол өлі де, тірі де емес еді. Теледидардан тек қана мақтаулар айтылды, газеттерде ылғи «жұмақ жаңалықтары» жазылып жатты. Қазір бұл күлкілі болып та көрінуі мүмкін, бірақ, өкінішке қарай, тап солай болғаны рас. Мемлекет тұрғындарға керекті емес, өзі дұрыс санаған ақпараттардың беріліп тұруына ғана алаңдап отырды. Бүкіл баспасөз бір адам үшін, сол кездегі мемлекет басшысының көңіл күйі үшін жұмыс істеді», – деді Комил Алламжонов.
Оның айтуынша, Каримовтың уақытында өзбек баспасөзі адамдардың қамы мен мәселесін өте аз көтерді, журналистердің шағымдары анонимді сипатта әлеуметтік желілерде жарияланып тұрды.
Алламжонов өзінің сөзінде соңғы төрт жылда елдегі баспасөздің айтарлықтай еркіндік алып, журналистердің ақиқи оқиғалар туралы жиі жаза бастағандарын әңгімеледі.
Ол сондай-ақ бұрын үкіметті сынағандары үшін тыйым салынып тасталған шетелдік сайттардың қайта блоктан шығарылғанын айтты. Өткен жылы «Би-би-сидің» өзбек қызметі, «Америка даусы», «Фергана» агенттігі, Centre1, AsiaTerra және басқа да шетелдік жаңалықтар сайттары Өзбекстанда блоктан алынды, бірақ «Азаттық радиосының» өзбек қызметі мен бірқатар тәуелсіз басылымдар әлі блокта тұр.