Медбике жұмысқа жұқа киіммен келіп, елді шулатты
ТУЛА. 20 мамыр. Ресейдің Тула қаласында бір медбике коронавируспен ауырып жатқан пациенттері палатасына жұқа қорғаныш киімімен келіп, елді шулатты. Бұл туралы «Тульские новости» хабарлады.
Инцидент Тула облыстық клиникалық ауруханасының жұпалы аурулар госпиталінде орын алған. Порталдың мәліметіне қарағанда, бойжеткен целлофан тектес қорғаныш формасы өте ыстық болғаннын кейін оның ішінен басқа киім киюді жөн көрмепті. Ол аталмыш кәстөмді суға киетін лыпаның сыртынан кие салған. Нәтижесінде сол лыпасы мен денесі сырт жұртқа анық көрініп тұрған. Шамасы, медбике ішкиімі көрініп тұрады деп ойламаса керек.
Осыдан кейін жергілікті денсаулық сақтау министрлігі қызметкер қызға ескерту жасаған.
«Медицина министрлігі Тула облыстық клникалық ауруханасы қызметкерінің медициналық киім талаптарын сақтамаған фактісі бойынша аталмыш талапты бұзған жұқпалы аурулар госпиталінің медбикесіне ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды», – делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ медициналық персоналмен түсіндіру әңгімесі өткізілді. Бұған қоса, ауруханада арнайы киім мен жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға бақылау күшейтілді.
Дегенмен, әлеуметтік желіде медбике қызды қорғап, оның істегенін жөнге санап жатқандар да кездеседі. Олар медицина қызметшісінің бұл әрекетін мемлекеттің коронавирус пандемиясы кезінде денсаулық сақтау мекемелеріне жеткілікті дәрежеде қолдау жасамай отырғанына, бөлінген азын-аулақ қаржыны сала басшыларының талан-таражға салып, жемқорлық жасап жатқандарға көрсетілген әлеуметтік наразылық, ашық қарсылық ретінде бағалап жатыр.