Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Бердымухамедов вирустан қорғанудың қамына көшті

АШХАБАД. 15 мамыр. Түрікменстан үкіметі коронавирус қаупіне байланысты әлеуметтік қашықтық ұстауға үзілді-кесілді қарсылық білдіріп отырса да, елдің президенті өзі мен жақындарын залалсыздандырудың шараларын жасап бағып жатыр. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.

Түрікменстан әзірге ресми түрде коронавирус тарамаған елдер қатарындағы азын-аулақ елдердің бірі саналып отыр. Сондықтан бұл елде ВОЗ-дың жаңа коронавирустың тарауына қарсы әлеуметтік және гигиеналық шаралар, соның ішінде әлеуметтік қашықтық ұстау, өзін өзі оқшауландыру, медициналық тұмылдырық кию, қоғамдық орындарды жаппай дезинфекциялау мен жаппай диагностикадан өту сақтала бермейді. Соған қарамастан, дәулет басшысы Гурбангулы Бердымухамедов өзі мен өзінің жақындарын коронавирустың жұғып қалу ықтималдылығынан қорғаудың шұғыл қатаң шараларын қабылдап жатыр.

«Азаттық» радиосының мәнбесі атап өткендей, Аркадаг коронавирус жұқтырудың ықтималдылығына байланысты тұратын жерін аяқ астынан өзгертіп жіберген.

«Президент тұратын жерін ауыстырды. Фирузада тек ата-аналары ғана қалды, ал өзі шығыс жаққа, бұрынғы Маныш кентіне кетті. Ата-анасына коронавирус жұқтырып алудан қорқады», – деп мәлімдеді радио мәнбесі.

Айта кететін тағы бір жайт, президент Гурбангулы Бердымухамедов мемлекеттік телеарналардан көрінген кездерінде де шенеуніктермен едәуір ара қашықтық ұстайды. Бұдан бөлек, соңғы кездері үкімет мүшелерімен видеобайланыс арқылы жиын өткізуге көшіп жүр.

Ақпарат көздері Маныштағы жаңа резиденцияның Ашхабадтың шығыс жағында, шамамен 7-9 шақырым жердегі шатқалда орналасқанын білдіреді. Ал Маныштағы тұрғындардың үйлерін бұзып, өздерін көшіру 2018 жылғы сәуірде басталыпты. Сол жылғы шілде мен қазанда трасса бойындағы ондаған тұрғын үй сүріліпті.

«Резиденция баяғыда салынып қойылған. Президент оны әпкесі үшін соққан деседі. Бірақ қазір оған өзі кіріп алды. Әке-шешесіне ауру жұқтырып алмау үшін. Өзімен бірге аспаздарын, күзетін, тазалықшыларын ала келіпті. Ата-аналары әзірге сау, бірақ қатаң карантинде отыр», – деп жеткізді мәнбе бұл жағдайды.

Қазіргі таңда Түрікменстанның жүздеген азаматы Үнідстан, Ресей, Түркия, Грузия және Әзербайжан секілді елдерден қайта алмай, өте пүшәйман халде жүр. Көпшілігінің күнкөріс қаражаты да қалмаған. Соған қарамастан, түрікмен билігі оларды елге қайтаруға құлықты болмай отыр.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button