23 Қазан, 06:10
RAST.kz
USD USD 447.94 ₸
EUR EUR 502.32 ₸
RUB RUB 5.52 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

МҰРАТБЕК ТОҚТАҒАЗИН ЭВОЛЮЦИЯСЫ

(Студент. Журналист. Зерттеуші)

21 Қазан 2026 08:15
- Жаңалықтар, Таным
МҰРАТБЕК ТОҚТАҒАЗИН ЭВОЛЮЦИЯСЫ
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

Бүгін алпысқа келіп, алтын бау тағып отырған Мұратбек Тоқтағазиннің өмірі мен шығармашылығының өзіндік эволюциясы бар. Оны үш тарапқа бөлуге болар. Студент. Журналист. Зерттеуші. Ал сіз «Қайраткерлігі қалып қойды ғой», – деп дау айтарсыз. Келісеміз. Бірақ оның қайраткерлігі мектепте жүргенде-ақ басталып кеткен сыңайлы. Сондықтан жаңағы біз айтқан үш арнаның үшеуі де қарымды қайраткерлігінің қалқасында тұрады. Біз оны білеміз. Білетін себебіміз, бірге оқыдық. Бір бөлмеде тұрдық. Бір аудиторияда білім алдық. О бастан қолды-аяққа тұрмайтын адам айтқысыз жыбырлақ бала болды өзі. Бір өзінде жиырма бес аттың күші бар шығар. Жоғарғы курстың қыздары: «Осы Тоқтағазин деген жатақхананың бес-алты баспалдағын бір-ақ аттап жүретін ана бір бала ма?», – деп сұрайды.

Ертелі-кеш һәм күні-түні мақала жазады. «Қобыратып түнімен көп қағазын, Отырады Мұратбек Тоқтағазин», – деген шымшыма шумақ бүкіл студенттің аузында жүреді. Ол «Том мен Джерри» мультфильмінің кейіпкерлері секілді көз ілеспес жылдамдықпен әлдеқайда зулап бара жатады. Көк базардың жанындағы тоғыз қабатты үйге шетімізден сүйреп апарады. Танымайтын адамы жоқ. Тынымсыздың тынымсызы. Сол тоқтамайтын Тоқтағазиннің арқасында өзіміз де ақпарат әлеміндегі аға буынмен тығыз байланыс орнаттық.

Оқу бітірген жылы біздің қатарымызда одан өнімді жазатын ешкім жоқ-ты. Алматыда тұрақтап, «СҚ»-да сықиып отыруға таптырмайтын өр мінез өрен еді. Жұрттың бәрі оны Алатау бөктеріндегі шаһарға түпкілікті орнығатын шығар деп ойлаған. Ол ойланбастан Арқа жаққа жол тартқанды қалады. Сөйтіп, ару астанада қалайын деп тұрған еті тірі елгезек бала аяқ астынан Целиноградқа аттанды. Бәлкім, талай нәрсенің тыңын игергісі келген болар. Сол жерде өсіп-өнді. Кейін оның соңынан күллі Астана көшіп барды.

Қазақ баспасөзінің марғасқалары Ақселеу Сейдімбек пен Жомарт Әбдіқалық екеуі Мұратбекті екі қолынан жетелеп, «Өмірді көргің келсе, өңірді көр!», – деп ертті де кетті. Күніге үш мезгіл тамағын ішпесе де, үш мақала жазуын қаза қылмайтын тынымсыз Тоқтағазиннің ол екеуінің үгітіне қалайша оп-оңай көніп қалғанына таңымыз бар. Үшінші курстан бері әке-көкелеп, қоярда-қоймай шақырып жүрген «Социалистік Қазақстанның» бес минутсыз тілшісі екі езуі екі құлағына жетіп, әп-сәтте көрпе-төсегін арқалап, тың өлкесіне қарай «ешек пойызбен» жол тартып бара жатты. Мұнда оны ұлы істер күтіп тұрған-ды.

Келе сала Тәуелсіздікке барар жолдағы жаңару үрдіс­теріне белсене араласты. 23 жасында облыстық комсомол комитетінің бюро мүшесі, 25 жасында Целиноград қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. Баламалы бәсекеде өзге ұлт өкілдерімен сайысып, жеңіске жетті. Ақмола атауы үшін айқасқа түсті. Қаланың тарихи атауын қайтару жөніндегі комиссияның тең төрағасы болды. Аюдай ақырған облыс басшысы Андрей Браунмен күн сайын «вертушкамен» сөйлесіп, оны әбден титықтатты. Көрші елге барып, өңір атауын өзгертуге қанша қаражат кететінін ерінбей есептетіп қайтты. Ақыры, шежірелі шаһарға Ақмола атауы қайтып оралды. Бұған жігерлі жас депутат, тегеурінді журналист Мұратбек Тоқтағазиннің еңбегі молынан сіңді. Ол енді анық нәрсе.

Сонау жылдарда Мұратбектің Ақмолада не бітіріп жүргенін көрейік деп, осы қалаға командировкаға келдік. Егін жинау науқанынан репортаж жазып келуге тапсырма алғанбыз. Келсем, Мұратбегім тап-таза целиноградтық болған. Жұрттың бәрімен тонның ішкі бауындай ара­ла­сады. Танаптан-танапқа секіріп, тайраңдап жүр. Орысшасы ортекедей орғиды. Қысқасы, жердің жыртығын жамайтынның нағыз өзі. Тілгілеп кеткен тыңгерлерден қалған жыртықты… Енді, міне, оған да қырық жылға жуық уақыт өтіпті…

Митыңдап еңбек етуден шаршамайтын Мұратбек содан бері бүгінгі бас қаламызды мекен етіп келеді. Қайратымен тың игерді, қаламымен тіл игерді. «Егемен Қазақстанның» осы өңірдегі тілшілер қосынын басқарды. Малтабарлық кәсіптің де мипалауына түсіп, кедір-бұдыр жолдан өтті. Арып-ашып жүріп, азуы алты қарыс атақты бизнесмен бола жаздады. Ақыры айналып-айналып келіп, ғылым әлеміне соқпағын салды. Болашақ журналистердің бапкері болды.

Ол – елорданың дамуына ерекше еңбек сіңірген жігіттердің бірі. Сондықтан бас қаланың байырғы тұрғынын ерекше қадірлейтініміз рас.

*  *  *

Ғылыми атақ-дәрежеге ертерек қол жеткізген мен бұрынғы жүйе бойынша сегіз ізденушіге кандидаттық диссертация қорғаттым. Сегізінші ізденушім – осы желден жүйрік Мұратбек Тоқтағазин. Жалпы, курстасыңа ғылыми жетекші болу дегенді бастарыңызға бермесін. Не сөзің өтпейді, не төзім жетпейді. Оның үстіне ізденушімнің алапат энергиясына төтеп беру оңай емес. Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін іле кететін алымды да, шалымды, жұлымыр сегізінші аспирантым қалған жеті аспирантымның екі аяғын бір етікке тығады… Шынымды айтсам, кейде соларға қосып, мені де жұмсап жібере жаздайды. Ғылыми кеңес бермек боп аузымды ашқанша, өзіме қап-қап ақыл айтып, құлаш-құлаш тапсырма жүктеп кетеді.

Абырой-беделі ешкімнен кем емес. Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Бас редакторлар клубының вице-президенті. Өзі Астанада тұрса да сонау жер түбіндегі Шымкенттен шығатын бір белгілі газеттің бас редакторы. Бұл үнемі осында жүреді, ал газеті өзі-і-і теріліп, өзі-і-і беттеліп, өзі-і-і басылып, Мұратбекті асықпай іздеп, елордаға келеді. Өстіп жүргеніне бір емес, бірнеше жыл болды. Соның бәрінің қиюын келтіріп отырған удай пысық баладан айналып кетпейсің бе?!

Имандылық жолына ертерек ден қойды. Діни ұстанымы берік. Құранды құйқылжытып оқиды. Ортамыздағы молдамыз да, имамымыз да, қариымыз да, қазіретіміз де сол. Қатар жүрген соң, еркінсіп кейде Мұратбек, кейде Мурка дей береміз. Бірде дастархан басында отырғанымызда үйреншікті әдетпен «Мурка, құран оқып жіберші», – деп қалып едік, академик досымыз Дихан Қамзабекұлы: «Молданы «Мурка» деуге бола ма, осы?», – деді жай ғана… Содан соң Мурка мәселесіне көп жолаңқырамаймыз.

*  *  *

Сол Мұратбек биыл Журналистер мерекесіне орай өткен жиында «Құрмет» орденін өңіріне тақты. Мемлекеттік марапат иеленді. Мемлекеттік деңгейде құрметтелді. Бұл марапатты Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның өзі тапсырды. Қой, енді Мурка дегенді осымен доғару керек шығар… Құтты болсын, Мур…, Мұратбек, бақ-дәрежең арта берсін, сүйікті де сүйекті сегізінші аспирантым!

Мұратбектің өңіріне тағылған «Құрмет» орденін баяғы Ақмола үшін айқасқан тұстағы адам айтқысыз жанкештілігінің өтеуі десек те болар… Сен құрметте оны… Ол атақ пен марапатты іздейін демейді. Сол марапатың мен атағың Мұратбектің артынан өзі қуады да жүреді. Бүгін де біраз дүние босағадан сығалап тұрған сияқты. Жалпы, біз білетін Мұратбек атаққұмар емес, тек атақтың бәрі Мұратбекқұмар!

*  *  *

Ең басты жетістігі – балаларының тәрбиесі. Тарбағатай­дың мектебінде бір класта білім алған және сабақты Мұратбектен әлдеқайда тәуір оқыған әрі онжылдықты алтын медальмен бітірген Мәдениет келініміз екеуі алтын асықтай үш ұл өсірді. АҚШ-та оқыған Баубек – қазір осындағы ірі компания басшыларының бірі. Ортаншысы Бауыржан – шетелдік алпауыт фирманың еліміздегі өкілі. Кіші ұлы Бексұлтан Финляндияда білім алып жатыр. Біздің Тоқтағазиннің өзі сияқты еті тірі бұл балалар туғалы әке-шешеге салмақ салған жоқ. Өз күндерін өзі көріп келе жатыр. Олардың кішкене күнінен өмірге бейімділігіне қарап, «Осы сенің балаларың коляска мен ходунокқа дейін өздері тауып әкелетін шығар», – деп қалжыңдайбыз.

Айтқанымды бірде қылса, бірде қылмайтын ала құйын аспирантым балаларына есім беруге келгенде ерледі. Бір ұлына менің атымды қойды. Бір ұлына Бау-бек деп екеуміздің атымызды қақ бөліп қойды. Кім білсін, әйтеуір, бізді солай деп сендірді.

*  *  *

Міне, Мұратбек Тоқтағазин де алпыстың босағасынан аттады! Дауылдай екпінді алпыс. Лашындай текпінді алпыс. Алды-артқа қарамайтын алпыс. Бар-жоқты бағалайтын алпыс. Өмірінде көргені бар алпыс. Өңірінде ордені бар алпыс. Аягөзден өрген алпыс. Алматыда өнген алпыс. Алатауда көктеген алпыс. Тапқанын төкпеген алпыс. Арқада айқасқан алпыс. Армансыз шайқасқан алпыс. Астананы ардақтаған алпыс. Әр сөзді салмақтаған алпыс. «Ұланнан» түлеген алпыс. Жыл сайын үдеген алпыс. «Жас алаштан» нәр алған алпыс. «Егемен» боп таралған алпыс. Әзағаңды зерттеген алпыс. «Әділет БАҚ» медианы» ерттеген алпыс. Газеті Шымкентте, өзі Астанада жүретін алпыс. Бас редакторлармен өмір сүретін алпыс. Жалынды жастығы бар алпыс. Бибігүлдей бастығы бар алпыс. Көз қысып, қабақ керетін алпыс… Журфакта сабақ беретін алпыс…

Қысқасы, алқын-жұлқын алпыс… Ала құйын алпыс! Алапат алпыс! Құтты болсын!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

2024 жыл

«Шағала» жинағынан

 

Таңбалар: ғалымжурналистМұратбек Тоқтағазин

Ұқсас мақалалар

ЕГОР ГАЙДАРДЫҢ ҚҰРДАСЫ
Жаңалықтар

ЕГОР ГАЙДАРДЫҢ ҚҰРДАСЫ

08.09.2026
«Бернли» журналисі Англияда Сәтбаевтың алғашқы қадамына баға берді
Жаңалықтар

«Бернли» журналисі Англияда Сәтбаевтың алғашқы қадамына баға берді

01.09.2026
ЖАНКЕШТІ
Жаңалықтар

ЖАНКЕШТІ

14.08.2026

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ: Сүйем мен сені, сүйем мен сені, көкірегі ыстық дүние!

    Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ: Сүйем мен сені, сүйем мен сені, көкірегі ыстық дүние!

  • Жаңақорған ауданында Машбек Нәлібаевтың 100 жылдығына арналған турнир басталды

  • Дусматовтың жекпе-жегіндегі нокаут үшін «Гелендваген» тігіледі

  • АҚШ Конгресі Трамптың Путинмен дизель жөнінде келісімге келуіне тыйым салды

  • ҚАСІРЕТТІ ҚЫРЫҚ КҮН

  • Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысында жол құрылысымен танысты

  • Бірінші вице-премьер Қызылорда облысындағы құрылыс нысандарын аралады

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 447.94 ₸
EUR EUR 502.32 ₸
RUB RUB 5.52 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist