ШИЕЛІ. 30 қыркүйек. Қызылорда облысының Шиелі кентінде «Vigor Holding» компаниясының қуаттылығы 20 МВт күн-электр станциясы пайдалануға берілді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыған арналған рәсімге Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры-инвестициялық омбудсмен Ризабек Ожаров, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аталған компанияның және жобаға қаржылай қолдау көрсеткен «Қазақстанның Даму Банкінің» өкілдері қатысты.

Жиында аймақ басшысы сөз алып, болып отырған қуанышты оқиғамен аудан жұртгылығын құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, оның ішінде индустрия, энергетика және құрылыс салаларында заманауи өндірістер ашуды тапсырған болатын.
Жаңа жобаларды іске асыруға, өнеркәсіпті дамыту үшін жеке капитал тартуға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасап келеді.
Осының айқын көрінісі ретінде, бүгін отандық инвестордың қатысуымен жүзеге асқан жоба – «Vigor Holding» компаниясының күн-электр станциясын іске қосу рәсіміне жиналдық», – деді Мұрат Ергешбаев.
«Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды бастама. Өндірістер ашуға, жаңа технологияларды дамытуға салынған инвестицияның міндетті түрде қайтарымы болады. Осы ретте, ұтымды әлеуетімізді және мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз қажет. Жаңа станцияның жұмысы табысты болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және жобаның нәтижелі жүзеге асуына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Басқосуда облыс прокуроры Ризабек Ожаров, «Vigor Holding» компаниясының бас директоры Айтуған Жақсымбай сөз сөйлеп, ардагер Өркен Исмаил ақ батасын берді.
Бүгінде өңірде жалпы қуаттылығы 151 мегаватт болатын 11 күн-электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта қуаттылығы 225 мегаваттан асатын тағы 7 күн-электр станциясын іске қосу жоспарланған.
Қазір Арал және Жаңақорған аудандарында 30 мегаваттық станциялар құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 15 мегаваттық, ал Шиелі ауданында әрқайсысының қуаттылығы 60 мегаватт болатын екі күн-электр станциясының жобасы әзірленуде. «ҚызылордаЭнерджиГаз» мекемесінің 10 мегаваттық станциясының құрылысы алдағы айда басталады.

USD




