АЛМАТЫ. 4 қыркүйек. Кеше Алматыдан Ақтауға ұшқалы тұрған FlyArystan әуе компаниясы ұшағы бортында ойланбай айтқан бір ауыз жөнсіз сөзі үшін жасы үлкен кісі рейстен алынып қалды. Бұл туралы Zakon.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Алматы – Ақтау рейсінің жолаушылары қарт кісінің қалжыңынан кейін ұшақтан түсірілді. Оқиғаның мән-жайын FlyArystan мен Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметтері айтып берді», – делінген паблик хабарламасында.
Осы оқыс оқиғаны блогер Әйгерім Сүлейменова әлеуметтік желіде баяндап, видеосын қоса жариялады. Оның айтуынша, қария стюардессаға бір сөмкенің ішінде жарылғыш зат жатқан болуы мүмкін дегенді ишаралап білдірген.
Жолаушы әйелдердің бірі жанындағы жасы ұлғайған кісіден сөмкесін жоғарыға қойып беруді өтінген. Сол кезде оның ауырлығына мән беріп, қария жүк иесінен ішінде не бар екенін сұрап, әйтеуір жарылғыш зат емес пе дегенді әзілдеп жеткізген. Тап сол уақытта сол маңайда тұрған стюардесса мына ескертуге қатты мән беріп, дереу тиісті мамандарды шақырған.
«2026 жылғы 3 қыркүйекте Алматы – Ақтау бағытындағы FS7177 рейсінде жолаушының айтқан сөзіне байланысты тиісті органдар мен қызметтердің қатысуымен авиациялық қауіпсіздік процедураларына сәйкес тиісті іс-шаралар жүргізілді. FlyArystan үшін жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі басым мәнге ие. Қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін кез келген мәлімдеме немесе әрекет жолаушының ниетіне қарамастан міндетті түрде шара қабылдауды талап етеді. Бұл ұшақ бортындағы абайсыз айтылған сөздер немесе әзілдерге де қатысты», – деп хабарлады FlyArystan баспасөз қызметі.
Әуе компаниясының мәліметінше, аталған жағдайға байланысты мұндай оқиғалар қосымша тексерулерді, соның ішінде жолаушыларды ұшақтан түсіруді талап етуі мүмкін, бұл өз кезегінде рейстің кешігуіне және кестенің бұзылуына әкеліп соқтырады.
«Жолаушылардан авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауды және сапар барысында өз сөздері мен әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Қауіпсіздікке төнген қатер туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз», – деп атап өтті FlyArystan баспасөз қызметі.
«Үстіміздегі жылдың 3 қыркүйегінде Алматы халықаралық әуежайындағы Көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері FlyArystan әуекомпаниясының актісі бойынша қазақ тілінде әзіл ретінде айтылған: «мына сөмкеде қорғасын ба, бомба ма» деген сөзінен кейін Алматы – Ақтау бағытындағы рейстен жолаушыны түсірді. Көліктегі полицейлер авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесіп жедел түрде тексеру жүргізді», – деп атап көрсетті өз кезегінде көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алайда тексеру нәтижесінде сөмкеден тыйым салынған әрі жарылғыш заттар табылмаған жоқ, эвакуация жүргізілмеді, ал әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастырды. Есесіне, осы топалаңға себеп болған қарт жолаушы рейстен алынып қалынды.
«Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылды. Материал тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі», – деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
USD




