ҚЫЗЫЛОРДА. 9 мамыр. Бүгін Қызылордада «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты салтанатты шара болып өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Облыс орталығындағы «Тағзым алаңында» қанат жайған шара Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 81 жылдығына арналды. Оған облыстың құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері және ардагерлер қатысты.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет құттықтау сөз сөйлеп ашты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз отандастарымыздың қайтпас қайсарлығы мен қажырлы еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Жанқиярлық пен ерліктің озық үлгісін көрсеткен батырларымыздың есімін әрдайым ұлықтаймыз. Ардагерлерімізге қамқорлық жасап, қолдау білдіреміз», деген болатын. Майдангерлердің ерен ерлігін, шексіз батырлығын жадымызда жаңғырту, оларды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз. Ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен қиын-қыстау заманда даңқты бабаларымыз батырлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Бүгінгі ұрпақ бейбітшілік аспаны астында, аштық пен суықты, сұрапыл соғыстың зұлматын көрмей, Тәуелсіз Отанымызда алаңсыз өмір сүруде. Батыр бабаларымыз қол жеткізген қасиетті де ұлы ерлік ел жадында мәңгі сақталады! Баршаңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болғай!», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы өз сөзінде.
Салтанатты шарада соғыс қаhармандары құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, «Мәңгілік алауға» гүл шоқтары қойылды.
Еске сала кетейік, соғыс жылдарында Қызылорда облысынан 70 мыңнан астам азамат майданға аттанған. Оның 30 мыңнан астамы қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен, сол сияқты 22 азамат Кеңес Одағының Батыры атанып, 20 мыңнан астам жауынгер түрлі орден-медальдармен марапатталған.

USD




