СОСНОВЕЦ. 8 мамыр. Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының IA дивизионындағы қорытынды матчында Францияны буллиттен тізе бүктіріп, турнирдегі барлық ойындарда жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл туралы Vesti.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Хоккейден Қазақстан құрамасы Польшада Бірінші дивизионның А тобында қорытынды матч өткізді», – делінген хабарламада.
Талғат Жайлауовтың шәкірттері бұл жолы Франция командасымен күш сынасты.
Кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Француздар бірінші болып алға шықты: 46-минутта Флавиан Даир мергендігімен танылды. Қазақстандықтар 51-минутта Дмитрий Бреус голының арқасында таразы басын теңестірді. Осымен негізгі уақыт мәреге жетті.
Овер-таймда жеңімпаз анықталмады, ал буллиттер сериясында Қазақстан құрамасы мықтылық көрсетіп, матчты 3:2 етіп аяқтады.
Айта кетейік, Қазақстан үшін бұл нәтиже турнир кестесіне әсер еткен жоқ. Бір күн бұрын команда бірінші орынға шығып, элитаға мерзімінен бұрын жолдама алған болатын.
Ал Франция үшін бұл кездесудің маңызы зор болды. Себебі осыған дейін үш құрама – Франция, Польша және Украина 7 ұпайдан жинап, топ-дивизионға апаратын екінші жолдамадан үміткер болып тұрды.
Топтық кезеңде Қазақстан Литваны (4:1), Жапонияны (6:0), Польшаны (3:2) және Украинаны (5:4 Б) жеңген еді.
USD




