Дугин Хаменеиден кейін Путинге кезек келуі мүмкін екенін айтты

МӘСКЕУ. 1 наурыз. Кремльдің асыранды философы аятолладан кейінгі кезек Владимир Путинге келуі кәдік екенін ескертті. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей диктаторының сүйікті философы Александр Дугин Иран сценарийінің Ресейде де қайталанып қалуы ықтимал екенін баяндады.
«Орыс әлемінің» басты идеологы саналатын Александр Дугин Ирандағы режим жойылғаннан кейін әлеуметтік желіде соған жауап ретінде үрейге толы бірнеше жазба жариялады. Ол келесі нысана Ресей болатынына сенімді.
Иранда жоғарғы билеуші Әли Хаменеидің өлтірілгені белгілі болғаннан кейін философ: «Ресей үшін соңғы қоңырау соғылды» деп жазды. Ол Иран сценарийі Кремльде де қайталанады деген болжам жасап отыр.
«Менің ойымша, Ресейде бәрі жақсы және бейбіт өмір әдеттегідей жүріп жатыр деген имиджді қалыптастыру стратегиясы өзін-өзі сарқып бітті. Біз келесісіміз… Егер Иран бұл қысымға шыдаса, бәрі дұрыс болуы мүмкін. Егер ол құласа, бәрі бітті, кезек бізге келеді», – деп аһ ұрды Z-философ.
Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың табандылығы мен шапшаңдығына тәнті болғанын айтады, бірақ Иран режимін жойып жібергені үшін оны айыптап, «нағыз зұлым» деп атады.
Дугин Кремльден дереу милитаризацияға көшуді, кадрларды кең көлемді ротациялауды және жұртты қарулану ісіне жұмылдыруды талап етті. Оның айтуынша, Ресей үкіметі қазір мұны «қаламайды». Ол сондай-ақ Ресейдің Украинадағы агрессиясын «Катехон қылышы» деп атауға шақырды, содан кейін «бәрі басқаша болады» және Ресей ақыры жеңіске жете бастайды деген сенім білдірді.
Дугин сонымен қатар Батыс Ирандағы операциясын қайталап, Владимир Путиннің көзін жойса, Ресейдің ақыры не болатыны жөнінде риторикалық сұрақ қойды. Ол мұның соңы ұлы дүрбелең мен алапат сүргінге айналып кете ме, деп қорқады.






