Жаңалықтар жаңғырығыЭкономика

Қазақстанда 4 мыңға жуық атаулы дәрілер 26 пайызға арзандады

АСТАНА. 14 қаңтар. Қазақстанда соңғы уақыттары жүріп жатқан реформалар нәтижесінде 3 780 атаулы дәрілік препараттардың бағасы орта есеппен 26 пайызға төмендеді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Мұның жайын бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желілерде тарқатып айтып берді.

«Жалпы, денсаулық сақтау экономикасына, сондай-ақ әрбір пациент үшін медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігіне қатысты маңызды жаңалықты айтқым келеді», – деп жазады Ақмарал Шәріпбайқызы.

Министрдің баяндауынша, Үкімет 2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ұсынылатын медициналық қызметтер мен дәрілік препараттарды ҚҚС төлеуден босату туралы тиісті қаулы қабылдаған. Шаралар дәрілік заттардың 3 000-нан астам атауын қамтиды, оның ішінде 1 200 препарат орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудада сату кезінде ҚҚС-тан босатылады.

Министр бұдан басқа, сирек және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту жөніндегі медициналық қызметтерге ҚҚС салынбайтынын да алға тартады.

ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмек өндіру үшін пайдаланылатын импортталатын фармацевтикалық субстанциялар да ҚҚС-тан босатылады. Бұл – отандық фармацевтикалық өндірісті қолдау үшін маңызды қадам.

Қосымша ҚҚС төмендетілген мөлшерлемесін қолдану көзделген:

5 % — 2026 жылғы қаңтардан бастап;

10 % — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, рецептілік дәрілік заттарды реттеуден шығару мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылданған.

Өткен жылдың ортасында Денсаулық сақтау министрлігі бөлшек сауда желісіндегі дәрілік заттарға шекті бағаларды реттеу тетігін енгізген болатын. «Нәтижесінде бүгінгі күні 3 780 атау бойынша дәрілік препараттардың бағасы орта есеппен 26 пайызға төмендегені тіркелді». – деп атап өтті осыған орай Ақмарал Әлназарова.

Тағы бір мәселе: сондай-ақ бөлшек сауда субъектілері тарапынан баға саясатының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. 2025 жылы шекті бағаны бұзудың 28 фактісі анықталып, жалпы сомасы 5,7 млн теңгеге әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалған.

Ендеше, енді еліміздің әрбір азаматы дәріханаға барған кезде Dari.kz мобильдік қосымшасы арқылы дәрілік заттардың өзекті бағаларын тексере алады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button