«Нұрбану – біздің сүйікті дәрігер»

Ақ халат – бұл жай ғана қызметтік киім емес. Бұл – жан мен жүректің тазалығының, жауапкершілік пен адалдықтың, адам өміріне деген шексіз құрметтің белгісі. Осындай биік қасиеттерді бойына жинаған жандардың бірі – Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық көп бейінді орталық ауруханасының эпидемиолог дәрігері Нұрбану Бектұрсынова. Оның мамандығына деген сүйіспеншілігі мен адами болмысы, кәсіби шеберлігі мен ішкі мәдениеті кез келген жанға жылы әсер қалдырады. Жұмыс үстіндегі мұқияттылығы, әріптестермен тәжірибе алмасып отыратыны көңілін таба білетіні сезіліп тұрады.

Қарт Қаратаудың етегінде жазылып жатқан «Бірлік» ауылында 1993 жылдың шілдесінде дүниеге келген ол бала күнінен ерекше ұқыпты, сезімтал әрі зерек болатын. Әсіресе, анасының жұмыс бабымен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарымен кездесіп, олардың іс-әрекетіне куә болған сәттері кішкентай қыздың болашағына жол салғандай еді. Анасының жанынан қалмай бірге жүрген ол, сол кісілердің жұмысын қызыға тамашалап, бір күні өзі де сондай дәрігер болатынын бала жүрегімен сезінді.
Орта мектепті үздік аяқтап, 2010 жылы Астана медицина университетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетіне грант иегері ретінде қабылданды. Бұл – жас түлектің білімі мен қабілетіне берілген алғашқы баға еді. Университет қабырғасында жүріп тек теориялық біліммен шектелмей, өз мамандығына деген қызығушылығын тереңдетіп, нағыз маман болуға үлкен дайындықпен қарады. Сабақтан тыс уақытта да медициналық әдебиеттерге үңіліп, тәжірибе барысында шеберлігін шыңдай түсті. 2015 жылы қолына диплом алған жас маман.
Алайда тағдырдың өз жоспары бар. Тұрмыс құрып, отбасы болғаннан кейін жағдайға байланысты туған өлкесі – Жаңақорғанға оралған ол 2016 жылдан бастап аудандық ауруханаға эпидемиолог болып орналасады. Сол күннен бір мекемеде табан аудармай еңбек етіп келеді. Оның медицинадағы орны, әсіресе эпидемиология саласындағы рөлі, жылдан-жылға артып келеді. Бұл саланың нәзік тұстарын жетік меңгерген ол, ауруханаішілік инфекцияның алдын алу, жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу, тұрғындар арасында санитарлық түсіндіру…
2020 жылы күллі адамзаттың басына түскен коронавирус пандемиясы Нұрбану үшін үлкен сынақ әрі жауапкершіліктің биік белесі болды. Халық үрей құшағында, медициналық жүйе тығырықта тұрған сәтте ол саспады. Керісінше, жұртқа демеу болып, әріптестерімен бірлесіп алдыңғы шепте аянбай еңбек етті. Бұл кезең оның кәсіби ғана емес, адами болмысын да ашып берді. Ол сәттерді өзі де өміріндегі ең ауыр, бірақ ең маңызды кезең деп есептейді. Себебі, ол күндері дәрігерлердің әр минуты адам өмірімен өлшенді.
Үнемі ізденісте жүретін, өз саласының жаңалықтарынан шет қалмай, кәсіби даму жолында тынымсыз еңбектенетін Нұрбанудың бойындағы еңбекқорлық – көпке үлгі. Қазірдің өзінде ол түрлі кәсіби курстар мен оқуларға қатысып, білімін жетілдіріп отырады. Ол үшін даму – тоқтамайтын процесс, үздіксіз қозғалыс. Өзге әріптестері үшін де бағыт-бағдар, жастарға тәлімгер бола білгені – оның тағы бір қыры.
Үйде – қамқор ана, сүйікті жар. Жолдасы Жанболат Данияров – жеке кәсіпкер. Екеуі үш ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының иелері. Отбасы мен жұмысты қатар алып жүру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін күрделі іс. Бірақ Нұрбану мұны да сабырмен, сырбаздықпен, үйлесімділікпен атқарады. Ол – аналық мейірімділік пен дәрігерлік жауапкершілікті қатар арқалап келе жатқан нағыз еңбек адамы.
Бүгінде ол тек Жаңақорған жұртшылығына ғана емес, жалпы медицина саласындағы әріптестері арасында да сыйлы, беделді маман. Оның болмысы – парасат пен пайымның, білім мен мейірімнің, төзім мен тазалықтың үйлесім табуы. Оның адамға көмектесу арқылы рухани ләззат алатын жылуын шашып тұратын дәрігер екеніне өмір дерегіне қарап, қалам тербедік.

Нұрбану – балалық аңсарын ақиқатқа айналдырған, сол арманды абыроймен арқалап, бүгінде ел денсаулығы жолында аянбай тер төгіп жүрген ақ халатты абзал жан. Сондықтан да оны пациенттері «Нұрбану – біздің сүйікті дәрігер» деп мақтан етіп, құрмет тұтады. Ал шипагердің өмір жолы шынында да көпке өнеге. Оның қызметі – адамға шабыт, әріптестеріне бағыт береді.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы






