Әулет – уақытпен сыналған тағдырлар тоғысқан қасиетті ұғым. Ол – ұрпақ жадында сақталған тәлімнің, адамдық пен парасаттың үзілмес желісі. Қазақ халқы үшін әулеттің берік болуы – елдің тұтастығымен тең. Осы биік ұстанымды өмірінің мәніне айналдырған, бірлігі мен берекесі жарасқан өнегелі шаңырақтардың бірі – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамыстыбас ауылындағы Айтжановтар әулеті.

Әулеттің рухани өзегі, береке-бірліктің алтын діңгегі – 85 жастағы Ұлболсын әже Сапарова. Өмірдің сан белесінен өткен абыз ананың әр сөзі – сабырдың сабағы, әр батасы – ұрпаққа бағытталған ақ жол. Оның жүрегіндегі мейірім мен кең пейіл шаңырақтың ішкі үйлесімін сақтап тұрған көзге көрінбес, бірақ берік тірек іспетті. Үлкенге құрмет, кішіге ізет деген ұғым осы әулеттің күнделікті тынысына айналған. Әулеттің іргесін нықтаған, адал еңбекті өмірлік қағида еткен әке – Батырқұл Айтжанов. Ұстаздықты тек мамандық емес, мінезіне айналдырған ол ұрпағына талап пен жауапкершілікті өнегесімен дарыта білді. Ал Гүлжамал Бердібаева – ұстаздықты жүрекпен ұстанған, сабырлы сөзі мен жұмсақ болмысын отбасының берекесіне арнаған парасатты ана. Ол келінін жатсынбай, туған қызындай қабылдап, шаңырақтағы үйлесімнің сақталуына ықпал етіп келеді.
Айтжановтар әулетінде туыстық тек атаумен шектелмейді, ол – ішкі мәдениет пен терең түсіністен тұратын өмір салты. Бұл шаңырақта келін мен ене ғана емес, абысындар арасындағы сыйластық та ерекше мәнге ие. Үлкен келін Жанар мен кіші келін Нұриза бір-бірін өмірдің әр сәтінде демеп, бірінің сөзін бірі бөліп-жармай түсінетін жанашырлыққа негізделген қарым-қатынас орната білген. Абысындық сыйластықты бәсеке емес, береке деп ұққан бұл татулық әулеттің ішкі тынысын жұмсартып, өзгелерге өнеге болып отыр.
Осындай рухани ортаға келін болып түскен Нұриза Мұратбаева бұл шаңырақтан бөтендік емес, жылылық тапты. Себебі, мұнда мейірім міндеттен емес, жүректен туындайды. Нұриза үшін Айтжановтар әулеті – өмірлік тәжірибе мен адамдық қасиетті қатар үйреткен үлкен мектеп. Ол ата-енесіне құрметпен қарап, әр сөзін жадына түйсе, үлкендер тарапынан да шынайы қолдау мен сенімге ие.
Шаңырақтың берік тірегі Ержан ұлдары – сабыр мен жауапкершілікті өмірлік серік еткен азамат. Ол кәсіби жолында да, отбасында да адамгершілікті басты құндылық санайды. Ерлі-зайыпты Ержан мен Нұризаның өзара сыйластығы шаңыраққа тыныштық пен тұрақтылық сыйлап отыр. Осындай үйлесімде өсіп келе жатқан кішкентай Әдина – әулеттің ертеңге деген сенімі мен мейірімнің жалғасы.
Әулеттің үлкен ұлы Ерлан Айтжанов та әке жолын жалғап, тәрбие саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Оның жары Жанар – мейірбике, өз кәсібіндегі жан жылуын отбасына да дарыта білген аяулы ана. Олар Айару, Балнұр, Айкөркем, Гүлсезімдей қыздарды ұлттық рух пен адамдық құндылықтарды бойына сіңіре отырып тәрбиелеп келеді. Әулеттің қызы Гүлжайна – білім мен парасатты қатар ұстаған, туған-туысына әрдайым тірек бола білетін жан.
Айтжановтар әулетінде әр қуаныш ортақ, әр сын бірге еңсеріледі. Мұнда берекенің өлшемі – байлық емес, бірлік. Жүректерді жалғап тұрған сенім мен мейірім бар жерде ғана отбасы нығайып, ұрпақ тәрбиесі өз арнасын табады.

Айтжановтар әулеті – уақыт сынынан өткен құндылықтарды күнделікті өмірінде жаңғыртып отырған, адамгершілікті өмір салтына айналдырған өнегелі әулет. Осындай шаңырақтар барда қазақы тәрбие, отбасылық өнеге, ұлттық рух ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғаса бермек.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,
Арал ауданы
USD




