АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Сыр бойының тағы бір ардақты азаматы өмірден өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. 12 қараша. Сыр бойының аймаққа аты танымал тағы бір аяулы азаматы Әбдіғаппар Әмірғалиев 78 жасында созылмалы сырқаттан қайтыс болды. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Әбдіғаппар (Мұқан) Әмірғалиев 1948 жылы 20 желтоқсанда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының «Амангелді» ауылында туған.

Бала Мұқан әлі бір жасқа толмаған шамада, 1949 жылы әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Әмірғали Сейдахметов қайтыс болып кетеді.

Әбдіғаппар 1964 жылы облыс орталығындағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті бітірген соң Алматы зооветеринарлық институтына оқуға түседі. Оны 1969 жылы тәмамдап, ғалым-зооветеринар мамандығын алып шығады. Бұдан кейін, 1969-1971 жылы Түрікменстанда Отан алдындағы әскери борышын өтеп, офицер шенінде қызмет етеді.

Елге оралғаннан кейінгі бейбіт еңбек жолын 1971-1972 жылдары Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында зоотехник болып қызмет етуден бастайды. 1972-1973 жылдары Қызылорда облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы, 1973-1978 жылдары Сырдария аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1978-1982 жылдары аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1982-1983 жылдары облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1983-1985 жылдары бірінші хатшының көмекшісі, 1985-1988 жылдары Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1988-1991 жылдары облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті.

Әбдіғаппар Әмірғалиев Тәуелсіздік кезеңінде, 1991-1996 жылдары облыс әкімінің орынбасары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болды. Ал 1996 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін үздіксіз 20 жыл бойы Қызылорда стандарттау және метрология орталығының (кейіннен Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығының Қызылорда филиалы) директоры қызметін атқарды.

Әбдіғаппар Әмірғалиев қайда қандай қызметте жүрсе де, әрқашан оны жоғары жауапкершілік міндеті сезімімен орындады. Ол өз лауазымына адал болды, жоғары біліктілігімен танылды. Тіршілікте барынша салмақты, сырбаз, байыпты, әділ, қарапайым азамат ретінде көрінді. Қайда да бір қалыпты қалпынан танбады.

Мұхаң осыдан екі апта уақыт қана бұрын мемлекеттік «Парасат» орденін алып еді. Ал бұған дейін «Құрмет» орденімен марапатталған болатын. Одан да бөлек, көптеген медальдардың иегері атанған.

Міне, бүгін біздің арамыздан Сыр бойының осындай арда азаматы бақилыққа қарай бет түзеп барады.

Қош болыңыз, бақұл болыңыз, жақсы жан, абзал аға, ардақты азамат!

Біз Мұқан ағаның жұбайы Жамал апайға, ұл-қыздары Жанат, Нұрлан, Ләззатқа және туған-туыстары мен дос-жарандарына қайғырып көңіл айтамыз.

***

Марқұмның жаназасы 14 қараша күні сағат 10:30-да Қызылорда қаласының «Арай» шағын ауданындағы Аттила көшесі, 4 үйде шығарылатынын еске саламыз.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button