Отбасылық құндылықтардың ойраны шықпаса екен десек

ҚЫЗЫЛОРДА. 5 тамыз. Қызылордада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылорда облысының полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөнінде шараларды әзірлеу шеңберінде отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тиімділігін арттыру үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Оның құрамына денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сот әкімшілігі, білім басқармасының өкілдері кірді.
Топ ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсартуға және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты міндеттерді шешуді жеделдетуге көмектеседі. Осы орайда облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімованың төрағалығымен отырыс өткізіліп, бірқатар өзекті мәселелер талқыланды, тапсырмалар берілді.
Жалпы Қызылорда облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі мемлекеттік органдардың тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасын үйлестіретін 3 үкіметтік емес ұйымдармен белсенді өзара ынтымақтастық орнатқан. Отбасын қолдау орталықтарымен өзара іс-қимыл жолға қойылды.
Қазіргі таңда облыс бойынша профилактикалық есепке «қолайсыз отбасы» санатында 186 адам, қорғау нұсқамасымен 1453 адам, ерекше талаппен 477 адам есепте тұрады.
Тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды анықтап, жалпы отбасы-тұрмыстық қатынастардағы көпке созылған кикілжің жағдайлар әйелдерге қатысты құқыққа қарсы әрекеттің жасалуына негіз болатын, отбасы-тұрмыстық жанжалға қатысушыларға ықпал ету арқылы учаскелік полиция инспекторларымен, ювеналды полиция тобының қызметкерлерімен, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімімен алдын алу жұмыстары үнемі ұйымдастырылуда.
Аталмыш бағыттағы жұмыстар барысын жандандыру мақсатында облыс бойынша халық көп жиналатын демалыс орындарында, аялдамаларға, оқу орындары мен мекемелерге 5 000-ға жуық ақпараттық материалдар әзірленіп таратылды. Сонымен қатар кәсіпорындарда, ұйымдарда және мекемелерде, орта оқу орындары мен мектептерде «Біз зорлық-зомбылыққа жоқ дейміз», «Үй берекесі – әлем берекесі», «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтатамыз», «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбында дәрістер, сыныптық сағаттар, дөңгелек үстелдер мен тренингтер өткізілді.






