Колонияға нанның ішіне жасырылған телефон алып өтпек болған

ҚЫЗЫЛОРДА. 18 шілде. Қызылордада колонияға нанның ішіне телефон жасырып, ішке өткізбек болған тәртіп бұзушы ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылорда облысы бойынша қылмысты атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментіне қарасты №60 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталушыға тыйым салынған затты жеткізу әрекеті паш етілді.
Атап айтқанда, 8 жылға сотталған жазасын өтеушіге танысы нанның ішіне жасырып, телефон құрылғысын алып келген. Ұрлықы тірлік бірден анықталып, ұялы телефон тәркіленді.
Мекеменің режим бөлімінің жедел уәкілі Самат Омаровтың айтуынша, мұндай тыйым салынған заттарды мекеме аумағына кіргізуге тырысатындар әлі де кездеседі.
«Әкелінген барлық сәлем-сауқаттар рентген аппараты арқылы толық тексеріледі. Соған қарамастан кейбір азаматтар заңсыз жолмен тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет етеді. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Біз бұл бағытта туыстармен күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз», – деді ол.
Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, тиісті құжаттар сотқа жолдау үшін дайындалуда.
Мұның алдында Қызылордада жазасын өтеушіге кір сабын ішіне телефон жасырып өткізбек болған күдікті қолға түскен болатын.
Жалпы, жыл басынан облыс аумағындағы ҚАЖ мекемелерінде сотталғандарға тыйым салынған заттарды, оның ішінде ұялы телефондарды кіргізбек болған 7 дерек тіркелген. Барлығы дер кезінде анықталып, заң аясында шаралар қабылданған.






