Жаңалықтар жаңғырығыЭкономика

Қазақстан әлемдегі күшті армиялар арасында 57-ші орында тұр

УАШИНГТОН. 10 қаңтар. Қазақстан Қарулы күштері биылғы жылдың басында әлемдегі ең күшті армиялар рейтингісінде 57-ші орынға орналасты. Бұл туралы kun.uz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Өзбек таблоиды Американың Global Firepower компаниясының 2025 жылғы 10 қаңтарда жариялаған рейтингісіне шолу жасай келіп, өз елі армиясының Орталық Азия мемлекеттері шоғырында Қазақстан әскерлерінен (суретте) кейінгі екінші орынға табан тірегенін жазады.

Ресурстың баяндауынша, Өзбекстан бұл тізімде 58-ші орынға жайғасқан.

«Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында әлемдік рейтингте 57-орын алған Қазақстанға ғана жол беріп, екінші орында тұр», – делінген хабарламада. Бұдан әрі аймақтағы Түрікменстанның – 77-ші, Қырғызстанның –105-ші, ал Тәжікстанның 108-ші позицияларға аяқ артқандары айтылады.

Америкалық компанияның есебіне барлығы 145 ел қамтылған.

Армиялардың қуаттылығы 60 түрлі өлшем бойынша есептеліп шығарылған. Олардың арасында әскери бөлімдер саны мен адам ресурсының мөлшері, қаржылық жағдайы, технологиялық даму деңгейі, географиялық орналасуы мен жылдам қозғала алатын жинақылығы секілді критерийлер басты көрсеткіштер болып саналады.

Рейтинг лидері мәртебесін АҚШ әлі ешкімге бермей келе жатса, кестенің ең соңында бұрынғысынша Бутан тұр.

Тізімдегі үштікті Ресей мен Қытай толықтырса, алғашқы ондыққа бұдан әрі Үндістан, Корея, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Түркия, Италия кіреді.

Әлемдегі мықты дамыған немесе халқының саны көп елдердің сапынан Бразилия – 11, Пәкістан – 12, Индонезия – 13, Германия – 14, Израиль – 15, Иран – 16, Испания – 17, Аустралия – 18, Польша – 21, Тайвань – 22, Таиланд – 25, Швеция – 27, Канада – 28, Грекия – 30, Мексика – 32, Аргентина – 33, КХДР – 34, Бангладеш – 35, Португалия 39 орындарды еншілейді.

Ал бұрынғы кеңестік республикалардың қалғандары арасында Украина – 20, Әзербайжан – 60, Беларусь – 70, Литва – 88, Армения – 91, Грузия – 94, Латвия – 99, Эстония – 107, Молдова 134 орындарды алған.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button