Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Ресей Спорт министрі өтірігі әшкере болып, әлем алдында ұятқа қалды

АНКАРА. 29 желтоқсан. Ресей спорт министрі футболдан ел құрамасының Түркия бас командасымен кездесу өткізетіні жайлы хабары жалған болып шығып,  жаһан жұртшылығының күлкісіне ұшырады. Бұл туралы Dialog.UA ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Ресейдің алдағы жылы футболдан Түркиямен жолдастық кездесу өткізетіні жөніндегі өтірікке толы мәлімдемесінің соңы жанжалға ұласты.

Рас, Ресей футболының басшылары ФИФА мен УЕФА өздерін барлық жарыстардан шығарып тастап, оқшау қалдырғалы бері ел құрамасымен жолдастық кездесу өткізуге келісетін команда таппай сарсылып жүр. Бірақ олардың бұл талпыныстары ұдайы тасқа соғуда. Әзірге орыстармен тек Бруней және Сүрия терме жамағаттары ғана кездесу өткізді. Алайда ресейлік жанкүйерлер федерация шенеуніктерінің ФИФА рейтингісінің ең соңғы тепкішегінде тұрған командаларды ғана көндіріп жүргеніне наразылық  білдіре бастады. Сірә, осы жанжалды баса тұрғылары келсе керек, спорт функционерлері келесі жылы құраманың Түркиямен кездескелі жатқаны жайлы анекдот-анонсты жариялады да жіберді.

Кеше, сенбі күні Ресей спорт министрі Михаил Дегтярев өз елінің телеарнасына берген сұхбатында түріктердің өздерімен келесі жылы матч өткізуге мүдделі болып отырғанын айтып салды. Оның сөзінше, Ресей мен Түркияның футбол одақтары «бұл тақырып бойынша қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқан» көрінеді.

Алайда ресейлік министрдің сөзі шылғи өтірік болып шықты. ФИФА-ның «Türkiye milli futbol takımı» үшін матчтар ұйымдастыратын агенті Реджеп Ясакан Ресей құрамасымен кездесу өткізудің мүмкіндігін жоққа шығарды. «Техникалық тұрғыдан алғанда, жақын арада Ресей мен Түркия құрамалары арасында матч ұйымдастырудың ешбір реті жоқ», – деді ол.

Реджеп Ясакан алдағы жылдың маусым айында Түркия құрамасының әлі нақты анықталмаған екі құрамамен жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын айтты, лекін олардың арасында Ресейдің болуы мүмкін емес.

Мәскеу тарапының өтірігін Түркия футбол федерациясының баспасөз атташесі Түркер Тозар да паш етіп, екі елдің федерациялары арасында матчты өткізу туралы келіссөздер жүргізілмейтінін қадап айтты.

Осы орайда журналистер ресейліктермен жолдастық ойын өткізуден бас тартып отырған жалғыз Түркия еместігіне назар аударды. Мәселен, Қазақстан Telegram-арналары биылғы жазда құраманы қабылдап алған ресейлік коуч Станслав Черчесов Ресей құрамасымен кездесу болуы мүмкін екенін сол кезде-ақ айтқанына қарамастан, биыл тұрмақ, 2025 жылы да ондай ұшырасудың болмайтынын жазып жатыр.  Қазақстандық спорт басшылығындағы мәнбелер «мұндай кездесу алдағы жылға белгіленген матчтар кестесіне сәйкес келмейді» дегенді айтты.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button