Қазақстан Футбол федерациясының жаңа президенті сайланды
АСТАНА. 20 желтоқсан. Бүгін Қазақстан Футбол федерациясы президентін сайлау өткізіліп, шенеунік Марат Омаров осы орынтаққа отырды. Бұл туралы Offside.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Көпшілік күткендей, сайлау қорытындысында мемлекеттік қызметкер Марат Омаров Қазақстан Футбол федерациясының жаңа президенті болып сайланды.
Бұл орынға ол Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы қызметінен келіп отыр. Жаңа президенттің алдында қазір Қазақстанда футболды дамыту, соның ішінде ұлттық чемпионатты реформалау, балалар мен жасөспірімдер футболына қамқорлық жасау міндеттері тұр.
Марат Талғатұлы Омаров 1988 жылы туған. Ол 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасымен британдық Йорк университетін «философия, саясаттану, экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған, 2011 жылы Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінен әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесі алып шыққан.
Марат Омаров 2012-2014 жылдары Экономикалық даму және сауда (кейіннен Экономика және бюджеттік жоспарлау, Ұлттық экономика) министрінің кеңесшісі, 2014-2016 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің тарифтік және институционалдық саясатты қалыптастыру департаменті директорының орынбасары, 2016-2017 жылдары «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры, 2017-2019 жылдары «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ юасқарма төрағасы, трансформациядан кейін «QazTech Ventures» АҚ басқарма төрағасы болып қызмет атқарды. Ал 2019 жылдан 2020 жылғы қазанға дейін – «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды. 2020 жылғы қазанда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалса, 2022 жылы 16 тамызда агенттік төрағасы болып бекітілді.