Қазақстанда алғашқы ең ұзын автомобиль туннелі пайдалануға берілді
ТҮРКІСТАН. 12 қыркүйек. Түркістан облысындағы Шақпақ баба асуы астына салынған екі жолақты туннель қатарға қосылды. Бұл туралы zhasalash.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Туннельдің ұзындығы 840 метрді құрайды. Ені – 11 метр, биіктігі – 8 метр. Ол Қазақстандағы ең ұзақ жерасты жолы болып табылады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында туннельдің екі жағында жарықтандыру, желдету, дабыл беру және бағдаршамдарды реттеу үдерістерін басқаратын диспетчерлік пункттер қарастырылған. Сонымен қатар нақты уақыт режимінде туннельді бақылауға мүмкіндік беретін бейнебақылау және өрттен қорғау жүйелері орнатылған.
Туннельдің жанында жүргізушілер мен жолаушылардың ыңғайы үшін жол жөндеу пункті, жанармай құю бекеті, тікұшақ алаңдары және сауда аймақтары орналасқан.
Автожол жерасты трассасының ашылуы қарсаңында 100 адам және 15 бірлік арнайы техника жұмылдырып, арнайы оқу-жаттығулары ұйымдастырылған. Арнайы жаттығулар шеңберінде оның қауіпсіздік жүйелері, соның ішінде желдету және өрт сөндіру жұмыстары сыннан өтті. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде көлік құралдарын жедел сүйреу және жол-пайдалану техникасының қозғалысын ұйымдастыру іс-әрекеттері пысықталды.