Украинаның ұшқышсыз ұшақтары бірінші рет Мурманск облысына шабуыл жасады
МӘСКЕУ. 21 тамыз. Украинаның дрондары алғаш рет Ресейдің бір қиырдағы Мурманск облысының жеріне дейін ұшып барып, ойран салды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұл – соғыс басталғалы бергі уақыттың ішінде украин беспилотниктерінің ұшып барып, шабуыл жасаған ең қашық нүктесі. Осы жағынан келгенде, бұл – өзіндік рекорд.
«Украин ұшқышсыз ұшақтары сәрсенбі күні Мурманск облысына келіп, қырғын салды», – деп баяндады өңір губернаторы Андрей Чибис.
Z-әскери тілшілерінің мәліметінше, дрондар қиыр солтүстіктегі облыстың теріскейіндегі Высокий кентіне дейін ұшып жеткен. Ол Ту-95МС және Ту-22М3 стратегиялық ракета тасығыштары тұрған Оленья аэродромына жақын жерге орналасқан.
«Украин дрондары шапқыншылық жасаған поляр шеңберіндегі нысандар қашықтығы жағынан соғыс басталғалы бергі рекордтық мекен болып отыр, ол шекарадан Высокий кентіне дейінгі 1850 шақырымдық аралықты алып жатыр», – делінген хабарламада.
Бұған дейінгі рекорд 1800 шақырымға тең еді. Украина Қарулы күштері биылғы мамыр айында Орынбор облысындағы ядролық соққы берілгенін хабарлайтын радиолокациялық станция орналасқан Орск қаласына шабуыл жасаған кезде тіркелген болатын.
Mash мәліметіне қарағанда, Мурманск облысына шабуыл жасаған дрон Украинаның Чернигов қаласынан ұшып шыққан.