Президент Қасым-Жомарт Тоқаев академик Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездесті
АСТАНА. 9 шілде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедті қабылдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Кездесу барысында Қазақстанның ғылымы мен мәдениеті, мемлекеттік және ақпараттық қауіпсіздігі жайлары біршама толғамды әңгіменің арқауына айналды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде Мемлекет басшысының жақында өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитіндегі қауіпсіздікті нығайту, бейбітшілікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді. Академик ғалым сонымен қатар әлемдегі түрлі қақтығыстарды реттеу және олардың алдын алудағы орта держава ретінде танылған Қазақстанның рөлі арта түскендігін әңгімеледі. Сонымен қатар саммитте қабылданған Астана декларациясы мен жиырмадан астам құжаттың әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға зор үлес қосатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев тең құқылы серіктестікке негізделген тиімді аймақтық ықпалдастықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығының маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, халықтар мен мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен тату көршілікті нығайтуда қоғамдық дипломатия ерекше рөл атқара алады.