Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Айтжанов: Парижде еліміздің намысын қорғау үшін барын саламыз (видео)

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов rast.kz сайты тілшісіне берген сұхбатында Париж Олимпиялық ойындарында жігіттердің ел намысын қорғау үшін барын салатындарын айтты.

– Мырзағали Құланұлы, Париж Олимпиадасының басталар шағы күн санап жақындап келеді. Құрама команда саңлақтары осы аламанға қазір қалай дайындалып жатыр?

– Қазір Париж Олимпиялық ойындарына тыңғылықты дайындықпен бару үшін ақырғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Түркістан облысындағы «Алматау» спорт базасындамыз. Жігіттер жақсылап тер төгуде. Бәрі де аянбай еңбектеніп жатыр. Бізбен бірге Қырғызстан құрамасы да бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысуда. Олардан Олимпиадаға 57 келіге дейінгі салмақтағы бір ғана боксшы қатысады. Ал біздің құрамаға барлық облыстардың былғары қолғап шеберлері көмектесіп жүр. Бұдан бөлек, құраманың екінші және үшінші нөмірлі мүшелері жігіттеріміздің Олимпиадаға жақсы дайындықпен баруларына өз үлестерін қосуда.

Жалпы, қазіргі оқу-жаттығу жиыны өте сапалы, тыңғылықты дәрежеде өтуде. Мұның алдында Алматы облысындағы «Ақбұлақ» базасында жаттығу жиынын өткізгенбіз. Енді Құдай қаласа, шілденің 21-інде Алматыдан алыс сапарға ұшып шығамыз. Жолай Ыстанбұлға аялдау арқылы Парижге барамыз. Негізі, жарыстан 5-6 күн бұрын сонда боламыз. Бұл уақыт климат пен сағат белдеуі жағынан бейімделе түсуімізге көмектеседі. Содан ары, шілденің 27-інде Олимпиялық ойындардағы бокс турнирі сөреден шығады. Сол кезде жігіттеріміз елімізді, халықты қуанту үшін бар күштерін салатын болады.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button