Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің «Новичокпен» уланып қалғаны рас па?
АСТАНА. 11 шілде. Мәжіліс депутаты, белгілі журналист Ермұрат Бапи өзінің «Новичокпен» уланып қалғаны жайындағы дақпыртты журналистердің болжамы деп атап өтті. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Orda.kz сайтының жазуынша, бұдан алты ай бұрын депутатта ауыр сырқаттың белгілері байқала бастаған. Бұған қазақстандық дәрігерлер белгісіз заттан уланды деп күдік келтірді. Сондықтан журналист 10 шілде күні молекулярлық диагностикадан өту үшін шұғыл түрде шетелге ұшып кеткен.
«Бапи шалдыққан аурудың сыртқы белгілері посткеңестік кеңістікте кеңінен қолданылатын жүйке улануларының бірі – «Новичок» уымен улану белгілеріне ұқсайтыны белгілі. Симптомдар бірнеше ай бойы байқалады. Соңғы кездері депутаттың жағдайы нашарлап, оған ауыр медициналық көмек қажет болды. Диагноз қою үшін дәрігерлердің үлкен кеңесі жиналды», – деп жазды Orda.kz осыған орай.
«Симптомдары: оның денесінде қатты қышу мен ісіну бар. Содан кейін олар жоғалып, басқа жерлерде қайта пайда болады. Бұл ісіктер үлкен өлшемдерге жетуі мүмкін. Дәрігерлер тіпті биопсия жасады, бірақ ештеңе таба алмады. Сондықтан, біз Қазақстандағы шетелдік клиникаларға шұғыл түрде хабарласуды жөн көрдік. Диагностика, әсіресе молекулалық деңгейде әлі онша дамымаған», – деп атап көрсетті тиісті мәнбе.
Симптомдар бұрынғы Кеңес Одағында барлау органдары қолданған жүйке уларының бірін көрсетуі мүмкін. Бұл улардың ең танымалы «Новичок» болып тұр. Дегенмен техникалық тұрғыдан мұндай «жаңадан келген улардың» тұтас тобы бар. Бұл заттарды Dark Web немесе қара нарықта сатып алуға болады. Бірақ сатушыны табу үшін бұрынғы немесе қазіргі құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен байланыс қажет. Сондықтан, уды ықтимал сатып алушылардың шеңбері шектеулі екені анық.
Ал ҚазТАГ тілшісіне берген жауабында Ермұрат Бапидің өзі «Новичокпен» уланып қалуы ықтималдылығын тек журналистердің өзіндік версиялары деп атап көрсеткен.
«Мен әлі ешқайда шыққан жоқпын, Еуропа клиникаларының бірінен шақыру күтіп отырмын. Мұның бәрі әзірге күдік, ал менің уланғанымды нақтылап берген әлі ешкім жоқ. Бұл – тек журналистердің болжамы ғана. Мен бар болғаны бұдан үш-төрт күн бұрын қолдарымның ісіп кеткенін көрсетіп, Facebook-тегі парақшама суреттер жариялағанмын», – деді Ермұрат Бапи ҚазТАГ тілшісіне.