Қазақстандық оппозиционер Садықов тілге келмеген күйі қайтыс болды
КИЕВ. 2 шілде. Украин астанасында ауруханада жатқан қазақстандық оппозиционер журналист Айдос Садықов киллердің шабуылынан кейін есін жимаған қалпы көз жұмды. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұдан 13 күн бұрын Киевтегі тұрғын үйі жанында машинада отырған жерінде әлдекімнің атып кетуі салдарынан аурухананың жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан қазақстандық оппозиционер, «Бәсе» телеграм-арнасының егесі Айдос Садықов, өкінішке қарай, ақыры жантәсілім етті. Оқиғаның осылай қайғылы аяқталғанын оның жұбайы Наталья Садықова өзінің Facebook-аккаунтында жариялады.
«Садықов Қазақстанның іс басындағы басшысы мен оның алдындағы ізашарының саясатын сынға алып тұруымен танылды. Ол қазақстандық оппозициялық «Бәсе» телеграм-арнасының авторы болатын, саяси қуғындауға ұшырауына байланысты бұдан он жыл бұрын кетіп қалған.
«Айдос Садықов бүгін Киев уақытымен 03:00-де кетіп қалды. Менің сүйікті күйеуім, біздің үш баламыздың әкесі, қазақ халқының ұлы перзенті. Айдос Қазақстан үшін өз өмірін қиды, киллерлер қолдарынан азапты өлімге душар болды», – деп жазды Наталья.
Садықова жансақтау бөлімінде жатқан күйеуі Айдостың 13 күн өмір үшін күрескенін, бірақ, өкінішке қарай, таңғажайып жағдайдың бола қоймағанын атап өтті. Ол бұдан екі апта бұрынғы сияқты қазір де күйеуі өліміне Қазақстанның іс басындағы басшылығы және президент Тоқаевтың жеке өзін кінәлаған еді.
Айта кетуіміз керек, бұдан алдын құқық қорғау органдары Айдос Садықовты өлтіруге әрекет жасаған Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев есімді қазақстандық азаматтар екенін анықтаған еді. Кейін Жақанбаевтың Қазақстан территориясында өз еркімен «берілгені», енді оның Украинаға жөнелтілетіні жайлы ақпар тарады. Ал Қаратаев жөнінде көп әңгіме айтылғанымен, әзірге қолға түспей тұр.
Еске сала кетейік, 18 шілде күні Киевтегі Ярмола көшесінің бойында автокөлік ішінде әйелімен бірге отырған Айдос Садықовқа шабуыл жасалған болатын.