Сыр бойы: экологиялық акцияда сырдариялықтар белсенділік көрсетті
ҚЫЗЫЛОРДА. 15 сәуір. Қызылорда облысында бастау алған «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық акциясы аймақтың Сырдария ауданында кең қанат жайды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Экологиялық жағдайды жақсарту – әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Баспасөз парақшасында атап көрсетілгендей, аталмыш акция Сыр елінде «Таза Қазақстан – таза аймақ» атауымен жалғасын тауып, ол жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Қазір сырбойылықтар қоршаған ортаны аялауға жаппай өз үлестерін қосуда.
Аталмыш акцияның екінші аптасы облыста «Киелі мекен» тақырыбына арналды. Мұның да өзіндік сыры бар. Себебі, тасын түртсен тарихы сөйлейтін Сыр өңірі ежелден тарихи-мәдени ескерткіштер мен қасиетті кесенелерге бай өлке саналады.
Сырдария ауданы да дәл солай қойнауына талай тарихты сыйдырған киелі қалашықтарға бай өлке. «Киелі мекен» экологиялық апталығында аудан тұрғындары «Асанас», «Қышқала» қалашықтары аумағына тазалық жұмыстарын жүргізіп, игі бастамаға белсене араласқан тұрғындар көгалдандыру шараларына да атсалысты.
Сондай-ақ, «Қалжан ахун» мешіт-медресесі мен аудан аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер маңына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осылайша, сырдариялықтар «Киелі мекен» экологиялық апталығында өз белсенділіктерін танытты.