Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Қызылорда облысында егіз сәбиін жарты миллионға сатқан әйел сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. 30 наурыз. Қызылорда облысында тұратын әйел жаңа туған егіз нәрестесін жарты миллион теңгеге сатып жібергені үшін сот арқылы жаза алды. Бұл туралы Nur.kz ақпарына сүйенген  rast.kz хабарлайды.

Сәбилерін сатқан әйел 8 жылға сотталса, балаларды сатып алған ерлі-зайыптылар 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Іс материалдары бойынша, Арал ауданының тұрғыны жүкті болып, егіз сәби күткен. Бірақ пайда табу үшін ішіндегі сәбилерді сатуға бел байлаған.

Әйел өзі білетін ерлі-зайыптыларға егіздер сатып алуды ұсынып, тараптар өзара келіскен. 2023 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында айыпталушы сотында отырған ерлі-зайыптылар мобильді аударымдар арқылы Арал ауданының жүкті тұрғынына 60 мың теңге аударған.

21 сәуірде әйел егіз баланы дүниеге әкеліп, кейін ерлі-зайыптыларға беріп, олардан тағы 200 мың теңге алған.

«Әрі қарай келісілген қаражатты бөліп төлеуге келісіп, ерлі-зайыптылар сотталушыға 252 000 теңгені және 34000 теңгені бөлек-бөлек аударған. Осылайша, әйел ерлі-зайыптылардан егіз бала үшін жалпы сомасы 546 000 теңге алған», – делінген сот хабарламасында.

Бұдан кейін тараптар нотариусқа барып, биологиялық анасы егіз сәбиді асырап алуға және кейіннен оларды қамқорлыққа алуға келісімін берген.

Іс бойынша сотталушыларға қатысты үкім шығарылды. Егіз баланың анасы 8 жылға, ал ерлі-зайыптылар 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button