Тоқаев: Қазақстан ескерткіштер мен монументтер еліне айналып барады
АТЫРАУ. 16 наурыз. Кеше Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев республиканың ескерткіштер елі болып кету қаупі барын айтты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Атырауда өткен жиында Президент соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналғанын атап көрсетті.
«Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал», – деп ескертті Мемлекет басшысы осыған орай.