РФ-да сайттарды бұғаттау жүйесі құлады. Әлеуметтік желі қолжетімді болды
МӘСКЕУ. 27 ақпан. «Роскомнадзор» бірнеше жыл бойы құрған интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу жүйесі бір сәтте істен шықты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейдің аталмыш құрылымы жылдар бойы байланыс операторларын өз желілеріне арнайы жабдықтар орнатуға мәжбүр етіп, интернетті шектеу жүйесін жасап алған еді, сол ақыры күтпеген жерден бірден өз жұмыс қабілетінен айрылып қалды.
Сейсенбі, 27 ақпан күні Ресейде бұған дейін бұғатталып тұрған сайттар, соның ішінде Instagram, Facebook және Х әлеуметтік желілері кең ауқымды интернет апатынан кейін VPN-сіз пайдаланушылардың бір бөлігіне ашыла бастады.
Ресейлік интернет қолданушылар айына екінші рет танымал сайттар мен қосымшаларға әсер еткен үлкен апатқа тап болды. Сағат 12:30 шамасында Telegram-да қолжетімділік мәселелері туындады. Ақаулық iOS және Android жүйелеріндегі мобильді қосымшаға әсер етті, жұмыс үстелі нұсқасы жұмысын жалғастырды. Downdetector мәліметтері бойынша, VK әлеуметтік желісінде, YouTube бейне хостингінде, сондай-ақ WhatsApp және Viber мессенджерлерінде проблемалар туындады.
Forbes мәнбесінің хабарлауынша, ақау Роскомнадзордың қауіп-қатерлерге қарсы тұрушы техникалық құралдарының жұмысына байланысты шыққан болуы мүмкін. Ведомствоның өзі сәтсіздік дерегін растады, бірақ оның себептерін нақтылап түсіндіріп бере алмады.
Ресейде интернеттің алдыңғы ірі сәтсіздігі 30 қаңтарда кешке орын алған еді: миллиондаған пайдаланушылар бірнеше сағат бойы .RU домендік аймағындағы сайттарға кіре алмай қалды.