Депутат Әбенов зейнетақы қорынан Air Astana-ға ақша беруге қарсы шықты
АСТАНА. 19 ақпан. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Зейнетқы жинақтарын Air Astana акцияларына салуға қарсылық білдірді. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мен шығу тегі күмәнді авиакомпанияның ақшамды пайдаланғанын қаламаймын. Оны, әсіресе, өзін Қазақстан халқының мүддесі жайын ойлайтын басшы ретінде мүлде көрсете қоймаған Питер Фостердің басшылығындағы компанияға беруге қарсымын. Менің зейнетақы жинақтарымды оларға қалай сеніп тапсыруға болады? Мен тап осылай ойлайтын адамдар бірнеше жүз мыңға барады деп ойлаймын», – деді депутат Мұрат Әбенов.
Бұған дейін қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының 25 миллиард теңгеге жуығы Air Astana акцияларын сатып алуға жаратылғаны белгілі болған.
Депутат IPO акцияларын сатып алатын адамдар алдымен компания мен оның қожайындары, қаржылық құйылымдары жайлы біліп алулары керек екенін атап өтті. Жұрт тек содан кейін ғана мұндай тәуекелге баруға тиіс.
«Бұл жерде миллиондаған Қазақстан азаматы атынан шешім қабылдағандар кімдер? Зейнетақы жинақтау қорының, Ұлттық банктің басшылығы жұрттың көбі үшін әлі күнге дейін құпия болып отырған мәселе – әуе компаниясының түпкілікті егесі кім екені жөніндегі сұраққа неге жауап бермейді? Питер Фостер кімнің мүддесін қорғап жүр? Оның Назарбаевпен қарым-қатынасы қандай дәрежеде? Бұл күдікті келісімнің түпкілікті бенефициары кім? Мемлекет онсыз да «Самұрық Қазына» арқылы оның акцияларының жартысына жуығына иелік етіп отырған жоқ па? Демек, оның табысының жартысы онсыз да бізге тиесілі. Біз қазір оны алып отырмыз ба? Қоғамның бұдан не хабары бар? Біздің жинақ қорларымызбен акция сатып алу қаншалықты тәуекелге апарады? Мұндай шешімді кім қабылдады? Егер біздің ақшаларымыз ешқандай табыс әкелмей, жоғалып кететін болса, оның жауапкершілігін кім көтереді? Зейнетақы жинақтау қорының Әзербайжан банкісіне салынған ақшасы секілді жоғалып кетпей ме?», – деді депутат.
Мұрат Әбенов енді мұндай шешімді кімнің қабылдағанын зерттеу қалғанын, оның қаншалықты ашық та анық екенін білу керектігін айтты.
Депутат сондай-ақ ҚазТАГ материалына сілтеме жасай отырып, ел аузында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «екінші әйелі» ретінде аталатын Гүлнар Рақышеваның бортсерігі болып жүрген қалпынан Air Astana компанияның басшысы лауазымына дейін жетіп, айналымда көптеген миллиард ақшасы бар бизнесвуменге айналғанына да назар аудара кетті. Бұл компанияға Нұрсұлтан Назарбаевтың қаншалықты қатысы бар?