Трампқа алаяқтық айыбымен 350 миллион доллардан астам айыппұл салынды
НЬЮ-ЙОРК. 17 ақпан. Нью-Йорк штатының соты кеше АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампты алаяқтық бабы бойынша жазаға тартты. Бұл туралы The New York Times газетінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Судья Артур Энгорон оны жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтық ісі бойынша айыпты деп тауып, 355 миллион доллардан артық сомада айыппұл төлеуге міндеттеді. Штат қазысы сонымен бірге алаяқ шенеуніктің штаттағы іскерлік қызметіне шектеулер қойды.
New York Times мәтбұғатының дерегінше, судья Трамптың «Trump Organization» бизнес империясы өз мүлкінің құнын көтеру арқылы банктерден тиімді несиелер алды деген ұйғарымға келген.
Нью-Йорк штатының прокурорлары Трампқа жеті айып тақты, оның ішінде алаяқтық, жалған құжаттар жасау, жалған қаржылық есептер құрастыру секілді тәртіп бұзушылықтар бар.
Сот Трампқа айыппұлдан басқа, үш жыл бойы штаттың кез келген компаниясына басшылық етуге тыйым салды. Оның ішінде өзінің компаниясында басшы бола алмайды. Мұндай жазаны оның ұлдары да тартты, олар әкесінің компаниясын екі жыл басқара алмайды. Ал ұлдарының бірі – Эрик Трамп қазір компанияның атқарушы директоры болып отыр.
Энгорон сонымен қатар «Trump Organization» компаниясында Нью-Йорк заңы сақталуын қадағалайтын тәуелсіз бақылаушының мерзімін тағы үш жылға ұзартуды міндеттеді.
The New York Times атап өткендей, АҚШ-тың бұрынғы президентінің төлейтін айыппұлының сомасы, оның осы уақытқа дейінгі пайыздарын есептегенде, іс жүзінде 400 миллион доллардан асады. Енді ол соттың шешіміне заңмен белгіленген 30 күн ішінде шағымдана алады.
Трамптың бизнес империясына қатысты тергеу алғаш рет 2019 жылы The New York Times газетінде оның салық есебін берудегі алаяқтықтары тергеу материалдары жарияланғаннан кейін белгілі болды. Оған қарағанда, Трамп бизнесі кірістеріне декларация жасамаған, соның нәтижесінде өзі тіркелген Нью-Йорк штатының бюджетіне салық төлемеген.
2022 жылдың қыркүйегінде Нью-Йорк штатының бас прокуроры Летиция Джеймс АҚШ-тың экс-президентінің жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтық ісі бойынша азаматтық іс қозғаған болатын.
Тағы бір айта кететін жайт, Трамптың Нью-Йорктегі тағы бір соты – 2016 жылғы сайлау нәтижелеріне әсер ету үшін порноактерлерге төлеген төлемдері туралы істі қарау наурыз айының соңында басталады.