Ресей оппозиционері Навальныйдың колонияда қайтыс болғаны айтылды
МӘСКЕУ. 16 ақпан. Ресейдің Федералды жазаларды өтеу қызметі (ФЖӨҚ) колонияда жазасын өтеп жатқан Алексей Навальныйдың қайтыс болғанын баяндады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейлік белгілі оппозиционер Ямал-Ненец автономиялы облысындағы колонияда жазасын өтеп жатқан еді.
«Сотталушы А.А. Навальный кезекті серуеннен кейін өзін нашар сезінді, іс жүзінде бірден есінен танып құлады. Қолданылған барлық жан сақтау шаралары ешқандай оң нәтиже берген жоқ. Медициналық «жедел жәрдем» дәрігерлері сотталушының өліп кеткенін анықтады».,– делінген хабарламада.
Осылайша Ресей диктаторы Владимир Путиннің елдегі бірінші жауы Алексей Навальный күтпеген жерден, жұмбақ жағдайда Терістіктегі колонияда өмірден өтіп кетті. Осы кезге дейін бірнеше мәрте оның жазасын өтеу орны өзгертілді. Саясаткердің колонияларда жүргелі бері биліктің кезекті бассыз әрекеттеріне наразылық білдіріп, бірнеше рет аштық жариялағаны да белгілі. Бірнеше мәрте карцерге жатқызылды. Сол кездері №1 оппозиционердің денсаулық жағдайының нашарлап кеткені жайында да оның адвокаттары дабыл қаққан болатын.