Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Ұлттық Олимпиялық комитет депутаттар сынына орай мәлімдеме жасады

АСТАНА. 4 ақпан. Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитеті Мәжіліс депутаттарының сынына байланысты көп кешіктірмей өз жауабын берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Мәжіліс депутаттары спортты қаржыландыру мәселесін қайта қарауды ұсына отырып, салаға байланысты бірқатар сындарын айтты. Соның ішінде Ұлттық Олимпиялық комитеттің атқарып отырған жұмысына көңіл толмайтындық білдірілді.

Ұлттық Олимпиада комитеті өзінің осыған байланысты жасаған мәлімдемесінде елдің спорт қызметіне қатысты мәселелерді ашық диалог пен өзара түсіністік деңгейінде белсенді талқылауды бағалайтынын алға тартады.

«Алайда, Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі депутаттарының соңғы мәлімдемелері мен үндеулерін ескере отырып, еліміздің спорттық қызметіндегі ҰОК рөлі мен қызметіне қатысты түсініктеме беру қажет деп санайды», –делінген мәліметте.

Комитет ҰОК-тың Қазақстан Республикасының Конституциясын, Халықаралық Олимпиада комитетінің Олимпиадалық Хартиясын, Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алатын үкіметтік емес, коммерциялық емес, автономды, қоғамдық ұйым екеніне назар аудартады.

Сонымен қатар, қоғамдық бірлестіктердің ісіне мемлекеттің заңсыз араласуына, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің мемлекет ісіне араласуына Қазақстан Республикасының Конституциясында жол берілмейтінін еске салады. Сонымен қоса Олимпиадалық хартия ҰОК-тың өз автономиясын сақтау және барлық қысымға, соның ішінде саяси қысымға қарсы тұру міндетін белгілейтінін ескертеді.

«ҰОК қызметін қаржыландыру мемлекеттік бюджетке жатпайтын көздерден жүзеге асырылады. ҰОК қоғамдық бірлестік болып саналады және қайырымдылық және демеушілік қорлармен жұмыс істейді. Депутаттың өз үндеуінде айтқан цифрларының ҰОК қызметіне еш қатысы жоқ. Бұл мемлекеттік қаражат елде спортты дамытуға, елдің спорттық резервін дайындауға бөлінеді және оны жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар басқарады», – деп мәлімдеді ҰОК.

«ҚР ҰОК мемлекеттік тапсырманы (2018-2022 жж.) орындау мәселесіне қатысты ҰОК оны жүзеге асыруға бөлінген қаражат қатаң түрде мақсатқа – яғни спортшыларды тәрбиелеуге, оларды тәрбиелеу мен оқытуға жұмсалды деп сендіреді. ҰОК ұйым ретіндегі негізгі қызметі ешқашан мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмаған және қаржыландырылмайды», дейді ұйым басшылығы.

«Комитет Қазақстанда спорттық командалар мен спорт резервтерін даярлау және қаржыландыру жүйесін жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар жүзеге асыратынын еске салды. Депутаттардың сөйлеген сөзінде айтылған қаржылық ресурстардың көлемі ҰОК қызметіне қатысты емес», дейді олар.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада Комитеті 1990 жылы 3 ақпанда құрылды және 1993 жылы қыркүйекте Халықаралық Олимпиада комитетінің мойындауын алды.

Тимур Құлыбаев 2022 жылы Ұлттық Олимпиада комитетінің құрамына қайта сайланған. Тимур Құлыбаев 2015 жылдан бері Құрлықтық қауымдастықтың – Азия олимпиада кеңесінің вице-президенті қызметін атқарып келеді.

Тимур Құлыбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ұлттық Олимпиялық комитетке төраға болып олигарх Тимур Құлыбаев келгелі бері еліміз спортшыларының Олимпиададағы нәтижелері тек төмендеп келе жатқанына назар аударып, комитетте оның туған-туыстары мен құда-жекжаттарының қаптап кеткенін сынаған болатын.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button