Арман Жүдебаев Қазақ ұлттық өнер академиясына ректор болып тағайындалды (видео)
АЛМАТЫ. 1 ақпан. Белгілі дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев кеше Т.Қ Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды. Бұл туралы Nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жаңа қызметке тағайындалғаны туралы Арман Жүдебаев Instagram-дағы жеке парақшасында жазды. «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі ретінде қызметімді аяқтап, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректорының міндетін атқарушы лауазымына тағайындалдым. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәдениет, руханият салаларына айрықша назар аударып отырғаны баршаңызға аян. Бұл – осы салада еңбектеніп жүрген әрбір әріптесіміз үшін анық қуаныш әрі салмақты жауапкершілік. Сондықтан, артылған сенімнің үдесінен шығу, «Әділетті Қазақстан» идеясының принциптеріне сәйкес жұмыс істеу – ортақ міндетіміз. Аида Ғалымқызына мол тәжірибесімен бөлісіп, маған зор сенім артып, жауапкершілігі үлкен қызметті сеніп тапсырғаны үшін алғыс білдіремін», – деп жазды ол. Бұған қоса, ол жаңа жұмыс орнына нақты тапсырмалармен, үлкен жауапкершілікпен келгенін. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында нәтижелі еңбек етіп, салалық білім беру бағытына және тарихы терең оқу ордасының жағдайын жақсартуға білім-білігін, тәжірибесін, күш-жігерін салатынын айтқан.
Арман Әділханұлы Жүдебаев 1986 жылы Алматы облысында туған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.
2006 жылы «Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрi» РМҚК-да аспаптар оркестрінің әртісі болып бастаған.
2009-2011 жылдары «Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрi» РММ дирижерлеу кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді.
2011-2013 жылдары «Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрi» РММ оқытушысы, аға оқытушысы болған.
2013-2018 жылдары «Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрi» РММ бас дирижері қызметін атқарған.
2018-2023 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры болды.
2024 жылдың 30 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі болыып қызмет атқарды.