Солтүстік және Оңтүстік Кореялар арасында соғыс өрті бұрқ ете қалғалы тұр
УАШИНГТОН. 26 қаңтар. Екі Корея мемлекетінің жылдар бойғы ашық және жасырын текетірестері жақын айларда өзінің шарықтау шегіне жетіп, соғыс басталып кетуі мүмкін. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
КХДР өзінің диктатор лидері Ким Чен Ын жолдастың Сеулге қарата айтылып жүрген «мейлінше агрессивті» мәлімдемелері ыңғайында жақын айларда Оңтүстік Кореяны соғыс қақтығысына арандатып іліндіруі мүмкін. Оқиғаның даму динамикасын ұдайы бақылап отырған АҚШ президентінің әкімшілігі осындай тұжырымға келіп отыр.
The New York Times газетіне Құрама Штаттардың бірнеше шенеунігі «Корей түбегінде кең ауқымды соғыс тәуекелінің болмай қоймайтын» шекке келіп жеткенін айтты. Сонымен бірге олар Пхеньянның «эскалацияға жол бермеу үшін қайтарымсыз соққы беруі ықтимал» екенін де жоққа шығармайды.
Не дегенде де, Ким Чен Ын мұндай қақтығыстың әйтеуір орын алуына көптен бері дайындалып келді. Мұның үстіне, ол соңғы кездері Ресеймен арадағы әріптестік қатынасы кеңейе түскенінен үлкен шабыт алып, қанаттанып жүргендей сыңай байқатады. Солай бола тұра, америкалық ведомстволар Солтүстік Кореяның ірі көлемді соғысқа немесе ұрыс қимылдарына қызу дайындалып жүрген белгілері байқалмағанын да жасырмайды.
Бұдан біраз бұрын Ким Чен Ын АҚШ тарапынан болатын «теңдессіз» конфронтациялық қадамдарға қарсы тұра алу үшін 2024 жылға дейін соғысқа дайындықты жеделдетуге шақырған болатын. Ол Оңтүстік Кореяны өздеріне ең жау ел деп атады. Осыған орай республика конституциясындағы Сеулмен бейбіт жолмен бірігу жөніндегі жолдарды алып тастап, Ата заңға жаулық статусын енгізуді ұсынды.
Стокгольм халықаралық әлем проблемаларын зерттеу институтының бағамына сәйкес, 2022 жылдың қаңтарында КХДР арсеналында 30-ға жуық ядролық оқтұмсық болған. Олардың қуаты 10-20 килотонна аралығындағы оқтұмсықтары бір сатыды ракеталарға орналасқан. Пхеньянның тағы 50-ден 70-ке дейін осындай оқтұмсықтар жасап алуға керекті материалдары жеткілікті болуға тиіс.