Сүйінші! Бельгиялық қазақ баласы Жәнібектің туған анасы табылды
АСТАНА. 24 қаңтар. Кезінде Бельгияға асырауға берілген, қазір Испанияда тұратын Эдди Жәнібек есімді қазақ баласының туған анасы табылғаны туралы ақпар тарап жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желілер дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды
Инстаграмда журналист Қымбат Досжанның қазақ жігітінің туған анасын тапқаны жайлы пост жазылды. Онда оқырмандардың бәрі журналиске алғыс сезімін жеткізуде.
Арқалық қаласындағы перзентханада туған оған «Жәнібек» деген ныспы беріліпті. Ал балалар үйінен Бельгияға «Мұрат Савельев» деген атпен жіберілген. Қазір Эдди Жан өзін «Мұрат» ретінде атап жүр.
Жәнібек бұдан бірқатар уақыт бұрын, желтоқсан айында Қазақстанға келіп, туған анасын іздеді. Бірақ осында жүрген кезінде ДНҚ дерегі тапсырылған әйелдердің бірде-бірі оның анасы болмай шықты. Содан кейін Қазақстанда болу уақыты біткесін Жәнібек амалсыз еліне қайтып кеткен.