Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Ермұрат Бапи: Құлыбаев Олимпиялық комитетке құда-жекжаттарын қаптатты

АСТАНА.18 қаңтар. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің жұмысын сынға алып, онда Тимур Құлыбаевтың туыстары мен таныстары өріп жүргенін айтты. Бұл туралы Halyq Uni ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Депутат осыған байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады.

«Қазақстан Ұлттық Олимпиялық комитетінің президенті қызметіне миллиардер Тимур Құлыбаев келгеннен бері елдің спорттағы жетістіктеріміз құлдырай бастады. Мысалы, соңғы рет Токиода өткен жазғы Олимпиадада спортшыларымыз бірде-бір алтын немесе күміс медаль алған жоқ, тек 8 қола медальмен қайтты. Медальдық есепте Қазақстан 83-орынға бір-ақ түсті», – деп атап өтті Ермұрат Бапи.

Ол сонымен қатар Қазақстан спортшыларының 1994 жылдан 2014 жылға дейінгі жазғы Азия ойындарында тұрақты түрде 4, 5-орындарды алып келгенін, ал 2018 жылы 9-орынға, 2023 жылы 11-орынға сырғып кеткенін алға тартты.

Биыл Парижде де осының кебін киюіміз әбден мүмкін. Бұл тәуелсіз ел ретінде Қазақстан қатысатын сегізінші Олимпиялық ойындар болмақ.

Депутаттың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спортшылары 11 спорт түрінен 14 алтын, 22 күміс және 35 қола медаль жеңіп алған. 1996 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан барлық жазғы Олимпиада ойынында ешқашан алтынсыз қалмай, әлемдегі үздік 40 елдің қатарынан түспеген.

Соңғы жылдардағы былайша көпе-көрнеу құлдырауды Ермұрат Бапи Ұлттық Олимпиялық комитеттің жұмысындағы олқылықпнг байланыстырды.

«Миллардер Тимур Құлыбаев келгелі Ұлттық олимпиада комитетінің басшылығына кілең «ескі Қазақстанның» өкілдері іріктеліп алынды. Оның ішінде, бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх достары өріп жүр. Комитетке мүше болып сайлануға 70 жастан аспауы керек деген шектеу белгіленген. Қазіргі мүшелерінің ішінен бұл межеден асып кеткендер де, күні ертең толайын деп отырғандар да бар», – деді депутат.

Ұлттық олимпиада комитеті басқарушы органының осындай шал-шауқандар құрамымен қалай жеңіске жете алады? Оның үстіне, баршаға мәлім, Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырып, бірқатар ірі бизнес жобаны бақылайды. Оның ішінде АЛМЭКС холдинг тобы, «Каспий Мұнай» және Retro Retail секілді компаниялар атап өтілді.

«Мұндай шамадан тыс жүктемемен оның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүлдем уақыты жоқ деуге болады! Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсін?!», – деді Ермұрат Бапи.

Депутат осы ретте Ұлттық Олимпиялық комитет жұмысында ешқандай реформа жоқ екеніне назар аударды.

Соңында Ермұарт Бапи өз тарапынан мынадай ұсыныстар жеткізді:

– Париж Олимпиадасы алдындағы лицензиялық спорт турнирлеріне бай-бағландардың өкілін емес, ауылдан шыққан, көкірегінде намысы бар патриот, кәсіби спортшыларды апару қажет.

– Спорт саласындағы жемқорлық пен сыбайластықты, таныс-тамырлықты түбірімен жою керек.

– Ұлттық Олимпиялық комитеттің басшылық құрамына ревизия жасап, оларды тек жас, жаңа Қазақстан өкілдерімен жасақтау керек

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button