Еуропарламент Орбанды ЕО кеңесінде дауыс беру құқығынан айырады
БРЮССЕЛЬ. 13 қаңтар. Еуропа парламенті Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанды Еуропа одағы кеңесінде дауыс беру құқынан айыруға қажетті дауысты жинады. Бұл туралы «Диалог.UA» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Еуропа парламентіне Финляндиядан сайланған депутат Петри Сарвамаа Мажарстанды (Венгрия) ЕО кеңесінде дауыс беру құқынан айыру үшін жариялаған петицияға жеткілікті 120 қолды жинай алды.
Расында өзінің Ресейге бүйрегі қатты бұрып тұратынын ұдайы көрсетіп, оны іспен айғақтап келе жатқан Виктор Орбан Батысқа Кремльдің талаптарын орындатуға әрекет жасаудан қайтатын емес. Ол бұған дейін одақ атынан Украинаға берілуге тиісті қаржы мен қару-жарақтарға қатысты да вето қойып, оны болдырмай тастаудың амалдарын жасап келген болатын. Бұған ақырында парламент депутаттарының төзімі таусылды. Сөйтіп, фин Петри Сарвамаа мұндай көпе-көрнеу арсыздыққа нүкте қою үшін дауыс жинауға кірісіп кетті. Нәтижесінде Венгрия енді ЕО кеңесінде дауыс беру мұрсатынан айырылғалы отыр. Осылайша угро-фин жұртының бір өкілі екінші угрдың «аузына құм құю» процесін толық жүзеге асырып шықты.
«Біз Орбанды дауыс беру құқынан айыруға сәл ғана қалып тұрмыз», – деді фин депутаты.
Ол, жалпы алғанда, ЕО-ға мүше мемлекеттердегі бірнеше әртүрлі партиялар өкілдерінен 120 қол жинады. Енді алдағы аптада өтетін пленарлық мәжілісте осы мәселе қаралып, түпкілікті шешім шығарады.
«Ойнақтаған бота от басар» деген осы! Мынадай салиқалы ортада отырып-ақ соғыс қылмыскеріне жан-тәні қалмай қызмет етуден жалықпай жүрген Орбанның омақаса құлайтын кезі келді.
Мұның соңы келешекте Венгрияны Еуропа одағынан шығарып тастауға да апаруы мүмкін.