Алматыда «қылмыс жасады» деген күдікпен хостелді жалға беруші ұсталды
АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. Алматыда арнайы прокурорлар өрт оқиғасы орын алып, 13 адамның өмірін жұлып кеткен хостелдің қожайынын қамады. Бұл туралы Zakon.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін Бас прокуратура құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді. Арнайы топ «Алматы Хостел» ғимаратындағы өрттің шығу себебін анықтауға жедел кірісті.
Қайғылы оқиға 30 қараша күні тіркелді. «Алматы Хостел» ғимаратын жайлаған өрт оқиғасына байланысты ҚР ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігі («Абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес, қылмыстық іс арнайы прокурордың іс жүргізу өндірісіне қабылданды. Құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Өрттің шығу себебі мен алғышарттарын анықтау мақсатында оқиға орнын қарап-тексеру жүргізіліп, сараптамалар тағайындалып, өзге де жедел-тергеу іс шаралары ұйымдастырылуда. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен прокурорлар хостелді жалға беруші А. Мухамедъяровты ұстап, уақытша ұстау оқшаулағышына қамады. Тергеу аясында хостелдің қызмет көрсетуіне қатысы болған барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – делінген Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қылмыстық іс тергеуі Бас прокурордың бақылауында екендігі де атап өтілді.
Айта кету керек, қайғылы оқиға 30 қараша күні таңертең Әди Шәріпов көшесінде орналасқан «Алматы Хостел» ғимаратында болды, салдарынан 13 адам қаза тапты. Олардың төртеуі – шетелдіктер (Ресей азаматтары – 2, Өзбекстан азаматтары – 2), тоғызы – қазақстандықтар.
Оқиға орнында болған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев хостелдің заңсыз жұмыс істегеніне назар аударды. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты дүкенді пайдалануға және қызмет көрсетуге арналған.
Оқыс оқиғаның нақты себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясы құрылды.