Қазақстанның экс-президенті Назарбаев көп әйел алғанын мойындады
АСТАНА. 30 қараша. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мемуарында екінші отбасы бар екенін жасырмай жазды. Бұл туралы Orda.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Байырғы мемлекет басшысы мұның бәрін өзінің орыс тілінде баспадан жаңа ғана шыққан «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» деген деген өмірбаяндық кітабында баяндап берген.
Назарбаевтың жазуынша, ол екінші әйелі Әсел Исабаевамен 1990 жылдардың соңында танысқан. Ол оны Талдықорғанға сапары кезінде бірінші рет көрген екен. Қыз президентті ұшақ баспалдағында күтіп алғандар қатарында тұрған. «Әуежайда маған гүл сыйлаған қыз керемет әдемі еді. Ол менің есімде ұзақ уақыт сақталып қалды. Кейін өткір көзді, келісті мүсінді, шуақ шашқан аққұба бойжеткен жиі ойыма орала беретін болды», – деп ағынан жарылыпты сосын Назарбаев.
Содан кейін газеттен Исабаеваның «Қазақстан аруы» байқауында Гран-при жеңіп алғанын оқығасын, іле оны іздеуге шешім қабылдайды. Бұл оқиға 1999 жылы болады, сол кезде қыз 19-да болса, мұның жасы 59-да еді. Назарбаевтың айтуынша, ол қыздың «түрінен де, ойынан да» көптен «іздеп жүрген көп қасиетті тапқан, ең бастысы, жылдар бойы азап шеккен жалғыздықтың жан азабынан құтылған». Нәтижесінде олар «мұсылман салты бойынша» некеге тұрады. БАҚ-тың мәліметінше, рәсімге Қазақстанның қазіргі президенті ҚасымЖомарт Тоқаев та қатыстқан, ол төрт куәгердің бірі болған.
Соңыра Исабаева Назарбаевқа екі ұл туып берді: 2005 жылы Тауман және 2008 жылы Байкен келді өмірге. Нұрсұлтан бірінші ұлынан кейін өзіне 1962 жылы тұрмысқа шыққан ресми әйелі Сараға бәрін айтуға шешім қабылдайды. Назарбаев сонда оның өзін «түсінгенін және кешіргенін» баяндайды. Мемуарында ол үш қызы – Дариғаның, Динара мен Әлияның анасы Сараға «ең бір қиын сыни кезеңдерде өзімен бірге болғанына» ризашылығын білдіреді.
«Міне, осылай, достар. Мен сіздерге барлық шындықты айттым. Бұған енді не дейсіздер – ол сіздердің шаруаларыңыз. Бұл – өмір. Бір айнымас ақиқат бар. Жүрекке әмір жүрмейтіні жөніндегі ақиқат ол»,– деп тұжырымдайды Назарбаев.
Кейін Әсел Исабаева фамилиясын Құрманбаева деп өзгертті. Ол балет және ұлттық биді дамыту қорын және Қазақстанның көркем гимнастикасын қолдау және дамыту қорын құрды. Қазіргі уақытта «Астана Балет» театрының арт-директоры. Оның есімі «Пандора мұрағаты» оффшорлық схемаларына қатысты тергеу барысында да аталды. Онда Исабаеваның кезінде күйеуінің сенімді көмекшісі болған Владимир Нидің отбасына тиесілі компаниядан 30 миллион доллар алғаны айтылған.
Алайда, айтылып отырған Әсел Исабаева Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, марқұм Рахат Әлиевтің куә болуларынша, негізі, Назарбаевтың үшінші әйелі көрінеді. Олар Қазақстан Президентінің екінші әйелі «Бүркіт» арнайы авиажасағының стюардессасы болып жұмыс істеген Гүлнар Рақышева болғанын баяндады. Олар сол кезде танысқан. Әлиев стюардесса мен Назарбаевтың қарым-қатынасы «әсіресе 1996 жылы тығыз болғанын» айтты. Сол уақытта қыз 26 жаста еді. Нәтижесінде көп ұзамай Рақышева – «Эйр Астана» әуекомпаниясының вице-президенті, ал оның әкесі Қорғаныс министрінің тылдық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары болып шыға келді. Кейінірек Гүлнар бірнеше компания құрады. Олардың ішінде-шетелдік брендтердің жиһаздары мен ыдыстарын сатумен айналысатын Sergio Group бар, компанияның жылдық табысы 4-6 млрд теңгені құрайды.