НАТО Балтық теңізінде Ресеймен соғысуға арнайы дайындалғалы жатыр
БРЮССЕЛЬ. 2 қыркүйек. НАТО әскерлері Балтық теңізінде болашақ болып қалуы ықтимал Ресей армиясымен соғысудың жай-жапсарын жетілдірудің қамына кірісті. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Батыс елдерінің 30-ға жуық кемесі мен 3 мыңға таяу әскери қызметкері қатысатын кең ауқымды теңіз оқу-жаттығу жиыны Northern Coasts деп аталады. Олар бірінші рет Ресейдің аймақта болып қалуы мүмкін басқыншылық соғысына қарсы жауап қайтарудың әрекеттерін пысықтайды.
Германия Әскери-теңіз флотының бастығы, вице-адмирал Ян Кристиан Каак Reuters агенттігіне берген сұхбатында бұл жолғы теңіз жаттығу жиынының нақты Ресеймен соғысуға арналып отырғанын ашып айтты.
«Біз осы арқылы Ресейге өзіміздің қырағылықты қатты сақтап, қадағалап отырғанымызды айқын білдіретін дабыл жіберіп отырмыз: ештеңе де байқалмай, із-түзсіз кете бермейді. Сенімді қорғаныстың тағы бір ұрымтал тұсы: ол шабуылдай білуге де қабілетті болуға тиіс», – деді Каак Берлинде өткен баспасөз мәслихатында.
Northern Coasts жаттығу жиыны 9 қыркүйекте басталып, екі аптаға созылады. Онда НАТО-ның Балтық теңізіне шығуға мүмкіндігі бар елдерінің бәрі, сондай-ақ АҚШ, Канада, Нидерланд, Бельгия және Франция мемлекеттерінің әскери қызметкерлері қатысады.
Маневрлер барысында десантты теңізден құрғаққа түсіру мен соққы беру секілді амфибиялық операциялар жүзеге асырылады.
Қазір жиынға қатысу үшін Американың ұзындығы 200 метрден асатын Mesa Verde класты док-кемесі Еуропаға қарай жол тартып келе жатыр. Ол 800-ге жуық теңіз жаяу әскерлерін тасымалдау мен түсіруге арналған.