Смайылов: Бұл инвестордың әрі қарай Қазақстанда қалуының реті жоқ
АСТАНА. 19 тамыз Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов апатқа көп жол беретін «ArcelorMittal» компаниясының инвесторы Лакшми Митталдың елде бұдан әрі қала алмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz дерегіне сүйенген rast. kz хабарлайды.
Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылы қарашада Ленин атындағы шахтада дәл осылай адамдар қаза тапқан кезде «ArcelorMittal» басшылығы өнеркәсіптік қауіпсіздікті, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сендірген көрінеді. Олар өндірісті жаңғыртуға инвестиция тартуға бар күш-жігерін салатынын жеткізген.
Алайда Премьер-министр үш миллиард доллар инвестициялау жоспары жарияланса да, қазір берілген уәделері толық орындала қоймағанын әңгімеледі.
Оның айтуынша, шетелдік инвестор тарапынан бар болғаны бір миллиард доллардың жоспары ғана берілген. Тіпті оның өзі де толық орындалмай жатыр екен.
«Жылдан-жылға біз өндірісті қолдауға жұмсалатын инвестицияның азайып жатқанын байқаймыз. Ал апаттар болса жиі орын алып, адамдар өліп жатқанын көріп отырмыз. Қазір бұл кәсіпорынның иесін ауыстыру мәселесі көтерілуде. Біз Миттал және оның адамдарымен келіссөздер жүргізудеміз», – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, келесі аптада тағы бір келіссөз жүргізіледі.
«Менің ойымша, экологиялық аудит және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудиті аяқталғаннан кейін бұл мәселе түпкілікті шешіледі. Сондықтан бұл инвестордың әрі қарай Қазақстанда қалуының маңызы жоқ. Өкінішке орай, бұл өндіріске, өнеркәсіптік қауіпсіздікке, кеніштердегі, металлургиялық өндірістегі еңбек қауіпсіздігіне деген көзқарасына байланысты», – деді Премьер-министр.