Бас прокуратура алаяқтарға сенбеуге шақырды
АСТАНА. 25 ақпан. Қазақстан Бас прокуратурасы еліміздің азаматтарын әртүрлі алаяқтарға сеніп, алданып қалмауға шақырды. Бұл туралы Бас прокуратура баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
«Қазіргі таңда құқық қорғау органдарына «Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард» ЖШС-не және «Нурали Капитал», «Выгодный займ» микрокредиттік ұйымдарының иелері азаматтардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін, ақшалай қаражаттарын заңсыз иемденіп алу әрекеттеріне қатысты арыздар түсуде», – делінген хабарламада.
Хабарламаға қарағанда, аталған ұйымдармен 42 мың келісім-шартқа отырған 6 мыңнан аса азамат жүгінген. Полиция органдары олардың өтініштері негізінде 22 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Ломбардтардың 1 менеджері мен 12 филиал директорлары жауапкершілікке тартылуда.
Тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін процессуалдық прокурорлар бекітілген.
«Алаяқтар өз мақсаттарына жету үшін түрлі жарнамаларды белсенді түрде қолданғаны, олардың ішінде шоу-бизнес жұлдыздары мен танымал блогерлерді пайдаланғаны анықталды», – делінеді бұдан әрі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жарнама жасауды жүзеге асырған және таратқан тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылып, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Бас прокуратура азаматтарға кіріс көзі дәлелденбеген қомақты қаражатқа қол жеткізу туралы уәде ететін күмәнді ұйымдарға өз қаражаттарын сеніп тапсырмауға шақырды.
Ойда болсын.