Талдықорған қалалық білім бөлімінде 2,5 жылда 4.4 млрд теңге талапайға түскен
ТАЛДЫҚОРҒАН. 23 маусым. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Талдықорған қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені талан-таражға салғандарын анықтады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Антикор білім саласындағы қаржы жымқырудың қылмыстық тәсілдерін әшкереледі», – делінген хабарламада.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді», – деп атап көрсетті «ҚазАқпарат».
Кеңес заманынан бері бар «Малиновкадағы үйлену тойы» деген картинада Папандопуло деген кейіпкердің: «Слушай, что-то мне не нравится здешний режим. Чует моё сердце, что мы накануне грандиозного шухера!» дейтіні бар еді. Біз де қазір тап сондай еліміздің білім беру саласында жылдар бойы орын алып, алапат аранға айналған зор «шухердің», яғни алаяқтықтың жаппай ашылуы қарсаңында тұрған сияқтымыз. Бұларда тіпті жергілікті әкімдердің де қатыстары болып жатса, таң қалуға болмайтын шығар.
Агенттіктің хабарлауынша, бүгін өткен ведомствоаралық кеңесте талдау қорытындысы шығарылды. Оған Президент әкімшілігінің, Ұлттық банктің, жоғары аудиторлық палатаның өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Білім және Цифрлық даму министрлері, қаржы, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрлері және қоғам қайраткерлері қатысты.
«Соңғы үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаған, бұл 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджеттің барлық шығыстарының 28 пайыз құрайды.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы екі есеге, ал ғылыми дәрежесі мен сабақтан тыс сабақтары болған жағдайда – үш есеге арттыруға мүмкіндік берілді. Әлеуметтік қолдау шараларына қарамастан, білім беру саласы ең көп жемқорларланған салалардың бірі болып қалуда. 2020 жылдан бастап осы саладағы қылмыстық істер бойынша 143 адам сотталды. Мемлекетке келтірілген залал шамамен 11 млрд теңгені құрады, оның 5,2 млрд теңгесі өтелді», – деп жазылған Антикор мәлімдемесінде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жариялаған деректер бойынша, тек Жетісу облысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлері ғана 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені қолды етіп жіберген. Оны жасаған ұйымдасқан қылмыстық топқа бөлім басшысы, екі есеп беру бухгалтері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтерлері кірген.
Мұндай қылмыстық сызбалар респуликаның барлық аумағында бар екені анықталып отыр. Атап айтқанда, Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, Ақтөбе және Алматы облыстарында ең ірі жымқыру фактісі тіркелген.
«Мәселен, жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері бойынша бюджет ақшасын жымқырудың тұрақты тәсілдері ашылды:
- Қызметкердің жалақысына оның лауазымына қарағанда әлдеқайда көп ақша аударған;
- Жалақы мектепте мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға аударылған;
- Қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлемдерде басқа тұлғаның тегі көрсетілген;
- Бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет аударған;
- Олар ақшаны «өлі жандарға» – туыстары мен жақындарына аударған.
Жоғарыда аталған барлық жымқыру әдістері бір схема арқылы жүзеге асырылады. Алдымен бухгалтер төлем құжаттарын ведомстволық есеп жүйелерінен түсіреді. Әрі қарай, қажетті түзетулер қолмен енгізіліп, бұрмаланған мәліметтері бар құжаттар кейін төлемге жіберіледі», – деп жазды ведомство.
Мұндай манипуляциялар мектептің аталған бухгалтерлік есеп жүйелері, ұлттық білім беру базасы және қазынашылық-клиент базасы арасындағы интеграцияның болмауына байланысты жүзеге асқан.
Мұндай фактілерді болдырмау мақсатында кеңес қорытындысы бойынша уәкілетті органдар арасында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі «Жол картасына» қол қойылды.