Бапи: Клептократтар шеттегі ақшаларын билікті басып алуға жұмсайды
АСТАНА. 4 маусым. Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи клептократтардың шетке шығарған ақшаларын билікті тартып алу үшін пайдаланулары мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Forbes.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Ермұрат Бапи бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында: «Елдегі жемқорлық және ұрлық қылмыстары жайлы деректерді қоғамға ашық жариялауға Сізге не кедергі келтіруде?» – деген нақты сауал қойды
Депутаттың мәлімдеуінше, елдегі жемқорлық фактілері «Бас прокурордың аузынан ашық айтылғанда, Президент Тоқаевтың активтерді елге қайтару саясатына халықтың сенімі арта түсер еді».
Парламентің 31 мамырда өткен отырысында бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдаған Ермұрат Бапи: «Біз клептократтар отыз жыл бойы талан-таражға салған халық байлығын елге қайтаруымыз керек. Бұл – кемінде 150 млрд доллармен өлшенетін қазына. Ал осы қаржыны қайтаруға бірінші кезекте міндетті органдар «заң қабылдаған соң іске кірісеміз» деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Елден жылыстаған активтерге тықыр таянған сайын, клептократтар оны түрлі схемалармен әлемнің түкпір-түкпіріне тығу әрекеттерін жанталаса жасап жатыр», – деп мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, мамырдың 23-де Мәжілістің қарауына «заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты» бес заң жобасы келіп түсті. Мемлекет басшысы былтыр, яғни 2022 жылы бұл мәселеге қатысты тиісті заңдар әзірлеп, қабылдау жөнінде тапсырма берген болатын.
«Халық қазынасынан ұрланған, жырланған активтерді елге қайтаруды қарастыратын заң жобасы ақыр соңында Мәжіліске келіп түсті. Әзірге көз жүгіртіп шыққанда, әрине, оның шикі тұстары аз емес. Бірақ, біз, депутаттар бұл заңды елде әділет орнатудың бір инструментарийі деңгейіне жеткізіп қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Бұл күн тәртібінде тұрған өте маңызды мәселе», – деді депутат Ермұрат Бапи аталған заң жобалары тұрғысында.
Бас прокурорды «тиісті заңның қабылдауын күтпей, іске шұғыл кірісуге» шақырған Мәжіліс депутаты алдағы бес жылда клептократия тақырыбын «Парламент партасынан» қайталай беретінін де жасырған жоқ.
Ермұрат Бапидың елден заңсыз шығарылған активтерді қозғайтын негізгі үш сауалы «Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys компаниясына»,, Нұрали Әлиев пен Ғалымжан Есеновке қатысты болды.
«Бас прокурор мырза, Сіз Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys компаниясын білесіз бе? Білмесеңіз, әлемдік газтрейд компанияларының реестріне көз жүгіртіңіз. Tethys иелерінің бірі – Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Ал ашық ақпараттың айтуы бойынша, Шәріпбаев – Дариға Назарбаеваға телініп жүрген күйеу екенін білесіз. Міне, осы Tethys фирмасы Қайрат Шәріпбаев басқарған мемлекеттік монополист «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының газын сыртқа сатып келген. Қазір журналист зерттеушілер соңғы 8 жылда бұл фирма Қайрат Шәріпбаевтың бақылауындағы APL компаниясы арқылы батыс банкілеріне бірнеше миллиард доллар шығарғанын анықтады. Кейбір ашық ақпараттарда оның мөлшері 20 млрд доллар деп жүр. Егер бұл қоғамдық тергеу ісіне елдің бас прокуратурасы мен тиісті антикоррупциялық агенттер араластын болса, бұл миллиардтардың көлемі мен шыққан төркінін тезірек анықтауға болар еді. Бұл миллиардтар байлықтың көзі ғана емес, билікке қайтадан араласудың мәселесі. Бұл қыруар қаржыға шынында да 20 мың терроршы жалдауға болар еді. Аталған қаржылардың реваншистер резерві екенін Сіз жақсы білуіңіз керек, прокурор мырза», – деді депутат Бапи.
Мәжілісмен бас прокурорға бағытталған екінші сауалында Швейцария үкіметі «Ғалымжан Есеновтің есепшотында орасан зор ақша жатқанын анықтады. Есенов – Есімовтің күйеу баласы» деп атап көрсетті.
«Есепшот иесі бұл ақшаның өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмаған соң, швейцариялық тергеушілер Ғалымжан Есеновтің қаржылық қызметі туралы не білесіздер деп, Қазақстанның Бас прокуратурасынан көмек сұрамай ма! Мына қызықты қараңыз, Бас прокуратура швейцариялықтарға не жауап берген дейсіздер ғой?! Ғалымжан Есенов «сүттен ақ, судан таза, оған қатысты қозғалған іс жоқ» депті Сізге дейінгі бас прокурор. Анығында сол кездегі елбасының бұйрығымен, бас прокурордың орындауымен Есеновке қатысты іс күні бұрын тоқтатылыпты. Сізге сауал – ұрланған активтерді елге қайтару науқанына жектекшілік жасауды Президент Тоқаев мырза Сізге тапсырған екен. Осы нақақ жабылған істі қайтадан қозғауға құлқыңыз бар ма?», – деп сұрады Ермұрат Бапи бас прокурордан.
Ол бұдан әрі: «Осы Есенов мырза Jusan Bank-тің бір иегері ретінде тұтастай бір банкті тегі бангладештік, азаматтығы америкалық Рон Вахид деген күдікті операциялардың шеберіне басы бүтін беру әрекетін жасап жатыр. Сіз құзырлы лауазым иесі ретінде осы афераға қарсы қандай қимыл жасамақ ойдасыз?» – деген сауал тастады.
Ермұрат Бапи өзінің үшінші сауалын «ҚТЖ» ҰК құрамынан шығарылған «Транстелеком» компаниясының сатылуы төңірегінен өрістетіп әкетті.
«Үшінші сауал – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы құрамынан стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» компаниясы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрали Әлиевке сутегін берілгенін, Сіз қалай бағалайсыз? Баланстық құны 250 млрд теңге тұратын, жылдық түсімі 80–90 млрд теңгені құрайтын ұлттық меншік небәрі 18 млрд теңгеге сатылды. Әзірге менің Сізге жолдайтын сауалым осы «Транстелеком» Нұрали Әлиевке әр жылдары жалпы көлемі 8 миллиардқа жуық дивиденд төлеген. Енді осыншама зор көлемдегі заңсыз төленген ақшаны тезірек арада қайтару керек», – деп баяндады Ермұрат Бапи бас прокурорға бағыттаған сауалында.
Тағы бір айта кететін жайт, бұған дейін хабарланғандай, активтерді қайтару бойынша жұмыс экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Аталған заң жобасы аясында Бас прокуратура құрылымында заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі жеке департамент, сондай-ақ мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару жөніндегі арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құрылады деп пайымдалып отыр.