Мырзағали Айтжанов: Біздің жетістігіміздің кілті – ауызбірлікте (видео)
Бокстан Қазақстан құрамасы Ташкенттен зор табыспен оралды. Команда 4 алтын, 1 күміс медальмен екінші орын алды. Енді былғары қолғап шеберлері аздап тыныстап алғаннан кейін алдағы күзде өтетін Азия ойындарына дайындала бастайды. Оның арғы жағында Парижде жалау көтеретін 2024 жылғы жазғы Олимпиялық ойындар тұр.
Біз бүгін құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановпен хабарласып, оқырмандарымызды толғандырып жүрген бір сұраққа жауап алған едік.
– Мырзағали Құланұлы, кешегі Ташкентте аяқталған әлем чемпионатында өзіңіз басқаратын Қазақстан құрамасының боксшылары бұрын-соңды болмаған зор жетістікке жетті. Олай дейтініміз, бұдан 10 жыл бұрынғы сондай табысты чемпионат, 2013 жылы үйіміздің төрінде, Алматыда өткен еді. Ал бұл жолы турнир біздің ең басты бәсекелесіміз – Өзбекстанның байтағы – Ташкент шаһарында өтті. Сол жерде тұрып, 4 бірдей алтын медальды жеңіп алу шынында үлкен жетістік болды. Бұл – бір. Екіншіден, құраманың тізгінін қолға алғаныңызға көп болған жоқ. Бар-жоғы төрт айдың ішінде осындай толағай табысқа жетудің сыры неде?
– Ташкентте өткен әлем чемпионатындағы жетістігіміз – ол біздің ауызбіршілікте, ынтымақта және талмай еңбек етуімізде. Жігіттеріміз тер төкті, аянбай еңбек етті. Соның арқасында осындай үлкен жетістікке жеттік. Аз уақыт болғанымен, ғылыми түрде, ғылыми топпен алға қойған мақсаттарға жету үшін өте сапалы жаттығулардың және жігіттеріміздің ынта-жігерінің арқасында осындай үлкен жетістікке жеттік.
Құрама команданың бас жаттықтырушысы осылай дейді. Лайым, алдағы уақыттарда да осы ауызбіршіліктен айырмасын.
Біз өз кезегімізде құраманы бұдан арғы дайындық жұмыстары барысы жайында ұдайы хабарлап тұратын боламыз.
Руслан ИГІЛІК